Все материалы

Среда 04 Января 2017

ТӘУЕЛСІЗДІК

Биыл Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Қазақ халқы шежіре жазып, ұрпақ есептегенде 25 жылды бір ұрпақтың ауысу уақытына теңгерген.

Ендеше бүгін тәуелсіздігімізбен бірге жастарымыз да жетіліп, өсіп-өркендеп келеді. 25 жылдың ішінде жер бетінде қазақ деген ұлттың бар екенін білмейтін әлемнің түпкір-түпкіріндегі халықтар енді қазақ ұлты түгіл «Қазақстан республикасының» тау тұлғасына таңдай қағып, тамсана бастады.  Мұның барлығы, әрине, еліміздің және елімізді басқарып отырған елбасының ерен еңбегі деп білеміз.

Егеменді ел болып, етек-жеңімізді жинап, еліміздегі оқу-ағарту, мәдениет, спорт, құрылыс және басқада саналуан салада алға қарай қарыштап қадам басқанымыз баршаға аян.

Біздің мұражай саласында да өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей игілікті жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгінгі тәуелсіздікке, еркіндікке жетуіміз бойындағы бар күшін сарқа жұмсаған батыр бабаларымыздың ерлік-жігерінің арқасы. Сондықтан да 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен алды атылып, соңы айдауға түскен алаш арыстарына тағзым ретінде, сонымен қатар ашаршылық тауқыметін тартса да елді, жерді қорғап қалған ардақты бабаларымызға арналып,  2001 жылы 2 қараша күні елбасымыздың қолдауымен ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы еді.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен мұражайымыздың 15 жылдығы да қатар келіп тұр. Егемендігіміздің арқасында тарихымыз түгенделіп, болашағымызды бекемдеуге үлкен жағдайлы сәт туып отыр.

Еліміздің егемендігі баянды болып, ынтымағымыз нығайып, күннен-күнге болашаққа қарай қарқынды түрде дамып, болмысына әлем таңданатындай еңселі елге айналайық!

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын!

 

 

 



Вторник 01 Ноября 2016

Құрметті шымкенттіктер мен қала қонақтары!

 

Ертең, 2 қараша күні сағат 09-00 – 18-00 аралығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, музейдің 15 жылдығына орай «Ашық есік» күні болмақ.

Сондай-ақ, бұл күні сағат 11-00-де репрессия құрбандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Ғабдулхакім Бөкейханов пен Қошке Кемеңгеровтың 120 жылдығы аталынып өтпек.

Келем деушілерге есік ашық.



Среда 28 Сентября 2016

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 том

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының қазақ халқы үшін мәні де мағынасы да терең оқиға. Осы орайда, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған 25 том» деп тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына шығармашылықта өз еңбегін сүбелі қосып келе жатқан ақын, қоғам қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Х.Есенқарақызы бастаған шығармашыл топ әзірлеген «Ақ жол» көптомдығының 10 томының тұсаукесер рәсімі ОҚО мәдениет басқармасының бастамасымен «Отырар» кітапханасында ұйымдастырылды. 
Өткен ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Ақ жол» газетінің мақалаларынан құралған бұл кітаптың тарихи танымдық тұрғыдан алғанда саналы оқырман қауымға берері мол.
Тұсаукесерге ОҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д.Т.Рахымжан, Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Мырзахметов, белгіліаңгер, Қазақстан заңгерлер қауымдастығының төрағасы Б.Тұрғараұлы, жазушы, журналист М.Байғұт, ОҚМПИ оқу ісі жөніндегі проректоры Б.Исабек және Республикалық, жергілікті телеарналар мен газеттердің тілшілері, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.


Садақ журналы

Садақ журналы 1916 жылы жазушы Б.Майлин және Ж.Тілепбергеновтың жетекшілік етуімен Уфа қаласында басып шығарылған.

Садақ журналы -  төте-араб әріпімен жазылған қолжазба. Ол қазақ балаларына арналған оқулық ретінде құрастырылған. Ел ішіндегі әртүрлі аңыз-әңгімелер, балаларға тәлім-тәрбиелік маңызы бар мақалалар, өлеңдер, күлдіргілер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер енгізілген.

Біздің саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде «Садақ» журналының №20, №21, №22 сандары жинақталған.



Среда 02 Марта 2016

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов музей директорын қабылдады

 

Өңір басшысы Б.Атамқұлов белгілі ақын, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Ханбибі Есенқарақызын қабылдады. Кездесу барысында аймақтағы мәдениет пен әдебиет мәселелері талқыланып, сондай-ақ көптомдық «Ақ жол» кітабының алдағы басылымы туралы сөз қозғалды.

*****

Глава региона Б.Атамкулов принял известную поэтессу, директора Музея жертв политических репрессий Ханбиби Есенкараеву. На встрече были обсуждены вопросы культуры и литературы в регионе. Также на встрече был затронут вопрос дальнейшего издания многотомника «Акжол».


«Алғыс күні»

1 наурыз «Алғыс күні» күні облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің келушілер қатарын М.Х.Дулати атындағы №8 гимназия директоры Бейсенова Шолпан Асылбекқызы өз шәкірттерімен және әріптестерімен толықтырды.

Оқушылар мен ұстаздар музейдің экспозициялық залында тарихпен тереңірек танысып, кинозалдан Е.Рақышевтің «Ашаршылық» атты деректі фильмін тамашалады.

Осылайша Тәуелсіздік жолында құрбан болған бабалар рухына өз алғыстарын іштей білдірді. № 8 гимназия басшысының өнегелі ісіне музей әкімшілігі рахмет айтады.

111111_500x307

333333_500x281

 

 



Вторник 01 Марта 2016

"Ақ жол" Х томынан

 

 

Бернияз Күлеев

 

 

29 январьда Қазанда жас ақынымыз Бернияз Күлеев өзін-өзі атып дүниеден қайтты. 20-ақ жаста екен.

Бернияз Ақтөбе үйезіне қарайтын кіші жүз әлім руынан, 11 жасына шейін үйінде молдадан сабақ оқыған. 11-16 да Тұмаркөл болыстық школында оқыған. Туған әкесі Бекен ол школдан алып, Ақтөбе гимназиясына да берсе де, шығынын ауырсынып қайтып алып, Бөрте болысындағы екі сыныпты школға кіргізген. Бұл школды бітірген соң, Бернияз 16-шы жылы Орынборға барып даярланып, 18-ші жылы учительский школға түскен. Апалаң-топалаң заман тәртіпті білім алуғы ырық бермей, онда бір-ақ жыл оқып, жас бала жеке тұрмысқа, әлеумет ісіне кіріп кетеді. 18-ші жылы Торғайдың облыстық комитетіне мүше болады. 20-шы жылы «Ұшқын» газетінің бір жазушысы болады. 21-ші жылдан былай Қазақстан елді ағарту комиссариаты қызметімен Орынбор жаққа анда-санда аз уақытқа келіп кеткені болмаса, ылғи Қазанда болады. Сол Қазанда қайтыс болып отыр.

Бернияз өмірінің соңы осы. Жас жанның өмірінің ыстық астары да болмақшы. Бірақ, бұл астарда елге үлгі болатын нәрсе аз болар. Біз әлі біреудің тұрмысы мен талантын айырып үйренгеніміз жоқ. Сондықтан, біз һәрбір өмірден үлгі іздейміз, һәрбір үлгілі өмірден талант іздейміз. Әсіресе 20-ақ жасында қайтқан Бернияздың өмірінен үлгі іздеу әрине қисынсыз. Оның ел алдында аз, ба көп пе бағасы болса, оған бұл бағаны беруші оның өзі емес, сөзі.

Бернияз төңкеріс заманында туған ақын. Бірақ төңкеріспен дүниеге шыққан жағы, бір келгені болмаса, төңкеріс туғызған ақын емес еді. Тегінде, әдебиет көктен түсетін пайғамбарлық емес. Әдебиет елдің жанында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы. Төңкеріске шейін жаңа оянған жас баладай елімізді әдебиет алаңынан тәй-тәйлап жетектеп келе жатты. 15-20 жыл бұрын еліміздің көзі жасты еді. Әдебиетіміздің де көзі жасты болды. Бірақ, алдында келе жатқандығын ақтап жұбата білді. Соңғы 10-15 ші жылдар пейлімізге елдің мұңы, елдің сезімі кіре бастады, алыста үміт елестей бастады. Сондықтан, әдебиетіміз де екпінді, отты мінез алды. «Көктегін көксеп» алдағы үмітті жырлай бастады. Әдебиетіміздің жүріп келе жатқан табиғи жолы осы еді.

«Ұшқын» бетінде шыңдалып шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің табиғи жолымен шықты. Оның қысқа өлеңдерінде әдебиетіміздің жаңа екпіні бар еді. Бірақ екпіні тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы үшін баулынып қарай қалып еді, екпін тым зор еді. Оқушының үміті де зор еді. Оның екпіндерінде әдебиетіміздің ескі екпініне төңкерістің әсері жаңа күш болып қосылған сықылды. Бірақ, біздің жалпы әлеумет тәрбиесі нашар болғандықтан, 21 жылдарда Бернияздың өлеңдері еш жерде көрінбеді. Жалғыз-ақ 22-ші жылдың аяғында «Еңбекшіл қазақ» пен «Өрнекте» бірнеше өлеңдерін һәм «Қызыл Қазақстанда» бір поэмасы басылды. Бұл өлеңдерінде, әсіресе поэмасында Бернияздың бұрынғысынан да бірталай ілгері кеткендігі, ой-қиялының тереңдегендігі, әсіресе сөзге шеберленгендігі көрініп-ақ қалып еді.

А деп қалам ұстап шыққанда, оянған үмітіміз бір жол бекіп еді. Бернияздың әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуына сеніп едік.

Бағытты бір қылып, таспиқ болып тізіліп келе жатқан, аз ғана жазушыларымызың қатарына жас Бернияз да келіп тізіліп еді, бірақ не лаж, таспиқтан сол тас үзіліп түсті.

Бернияздың өз өмірін өз қолынан бітіруіне қандай себеп болғаны бізге мағұлымсыз. Алайда жастықтан, әсіресе тәртіпті, дұрыс тәрбие алмаудан туған бір себеп болуында шүбә жоқ. Олай болса, жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие берілмеген. Әлеумет аласұрған жас жанның қолына мылтық беруші сол. Соны ұғыну керек. Үмітті жасымыз бекер ерте кетті деп емес, неге ерте кетті деп ренжу керек.

Күнә сенікі емес, көптікі.

Жаның тыныш болғай еді, жас ұлан!

Мағжан.

"Ақ жол" ІХ томынан

Тілге шорқақтық халыққа жат болғандықтың белгісі емес

Ташкент азаматтарының арасында соңғы кезде көп айтылып жүрген сөздердің бірі: Қазақ оқығандары мен қалың қара бұқара халықтан адасып, оқшау кетіп барады деген.

Мұны айтушы жолдастардың бұл сөзді дәлелдеу үшін айтып жүрген дәлелі –қазақ оқығандарының қазақ тіліне шорқақтығы.Басқа дәлелі жоқ.Бар дәлелі осы ғана.Сондықтан, бұл дәлелді тексеріп өту артық болмас деп түсінемін.

Орысша оқыған қазақ азаматтарының қазақ тіліне шорқақ екендігі рас. Шынын айтқанда, қазақ жігіттерінің ішінде мұнан жаман сорақылар бар.Орыс тілін, сарт тілін жақсы біліп,қазақша екі ауыз сөздің басын қосып айта алмайтын сабаздар Ташкенде аз емес. Бірақ, бір шүкірлік ететін жеріміз,олардың бір жақсы касиеті,сарт болып кеткен сабаздардың аз да болса, қазақ йісі сақталған қазақ азаматтарына әсері жоқ.

Ташкенде жаңа ашылған «Талап» атты жас ұйымның 3-4 жиылысы болып өтті. Бұл жиылыстардың бірінде де әлгі сабаздар болған жоқ. «Ақ-жолдың» өткен сандарының бірінде Тана жолдас бір сыпырасын басындағы азаматтарды «Талапты» менсінбейді,өнер білімге әуестігі жоқ деп сөгіп өтті. «Талапты» менсінбейді бұл қате айтылған сөз. Өйткені «Талапты» менсінбеуші жолдастардың «Талаптан» артық болуы керек. «Өнер білімге әуестігі жоқ» сабаздардың бйіктігін,ондай көсемдігін біз көре алмадық. Олар талапты менсінбейді емес, менсінеді, сөйтседе «талаптын» жиылысына келіп жүруге қаймығады,себеп олар қазақша білмейді. Қазақ азаматтарының ішіне келіп,өздері қазақ азаматтарының бірі бола тұрып, қазақша түсінбей отыру –аз ұят емес. Қазақша түк білмейтіндерді қойып, қазақша сөйлегенде тоқталып-тоқталып, аңыранып, тамсанып сөйлейтін қазақ азаматтарын алсақ, бұлардың айыбы көп көрінбейді. Олардың қазақ тіліне шорқақтығы қазақтың өзінің қазақ тіліне шорқақтығынан. Қазақ ішінде тап осы кезде өткен замандағыдай алыстан орағытып,  тақпақтап сөйлетін ұзын тілді билер жоқ. Қазақтың басынан ерік кеткелі, қазақты тұрмыс басқаға телмірткені,-қазақ шешендері кемуге айналды. Өйткені қазақ ішінде, қазақтың тіошілігінде,қазақтың саяси жолында,тілге жүйрік шешен билер тұратын шарт қалған жоқ. Сол уақыттан бастап, қазақ шешендері я сәлделі молдалар, я тілмаштар бола бастады. Қазақ шариғат сұрап, молдаға баратын болды,я дауласып,жүгініп,сөзімді айтып бер деп тілмашқа жалынатын болды. Қазақ тілін кім көркейтсін? Молда мен тілмаш көркейтсін ба? Сондықтан, қазақ тілі баюдың орнына азуға айналды. Баспасөз болмаған соң, қазақ ақындарының сөзі ауылынан ұзап, алысқа артық жайылмайтын болды.Осы кезде Ақтөбе,Қостанай,Ақмола қазақтары сияқты орыспен аралас қостас тұратын қазақтарды алса, орысқа түсінікті болуы үшін, қазақ тілін бұрап, бұзып сөйлеуге тырысады.Қазақ тіліне көп жат сөздер кіріп кеткен. Қазақтың ауылына бір жалғыз орыс келсе, орыс қазақша сөйлесем екен демейді, қазақ орысша сөйлесем екен дейді. Орыс-қазақ аралас тұрған жерде, қазақша білетін орыстардан, орысша білетін қазақтар көп: мұнан көрінеді қазақтың орыс тіліне назары ауып кеткендігі. Ташкент төңірегінде тұратын қазақтардың сөзіне қарағанда, сартпен аралас тұрған қазақтардың жайында осы секілді болса керек, кілең қазақ болып біріңғай тұрған жерлерде қазақ тілі тазарақ сақталса ғажап емес: бірақ, ондай жерлердің қазағының тілі де баюдан тоқтап, жат сөздерді бірте-бірте сіңіре бастаған болса керек.

Оқымаған шикі қазақ тілін дұрыс күте алмаған болса, оқыған қазақ тілін қалай таза оқымақшы. Оқығандарда басқа ұлттардың әсері болмай тұрмайды. Тілге шорқақтық жалғыз оқығандарда емес, қазақ тіліне шорқақтық қазақтың өзінде бар. Оқығандардың тілге шорқақтығын елдің тілді қадірсіз ұстағандығынан. Сондықтан, қазақ тіліне шорқақтығына қарап, оқығандарды халықтан қол үзіп, халыққа жат болып кетті деу бекер.

Қ-И.


Понедельник 29 Февраля 2016

ҰЛЫ МҰРАТ ЖОЛЫНДА

Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл.

ҰЛЫ МҰРАТ ЖОЛЫНДА немесе Алаш көсемінің «Ақ жолдағы» қолтаңбасы

d7e7a24790bc1ec9a831ff668e890d16

  1. (Оңтүстік Қазақстан облыстық қуғын-сүргін музейінің ғылыми қызметкері, журналист Суханберді Оразалыұлының баяндамасы)
  2. Құрметті жиналған қауым! Қадірлі ұстаздар мен студенттер! Наурыз айының 5-і қазақ халқы үшін ерекше күн деп есептеймін. Бұл күні осыдан 150 жыл бұрын қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Әлихан БӨКЕЙХАН дүниеге келді.  Неге Ұлы!? Өйткені оның көтерген идеясы халықтың көкейіндегі ойды дөп басуымен, әділдігімен, ақиқатымен өміршең болатын. Арада жүз жыл өтсе де уақыт сынына төтеп беріп, әлі күнге дейін қазақ ұлты үшін бағыт-бағдар айырар шамшырақтай болып, ел мүддесіне қызмет етіп келеді. Ол осыдан бір ғасыр бұрын қазіргі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған, ұлт зиялылары ұйымдастырған Алаш қозғалысының басында тұрды. Бұл жәй қозғалыс емес, отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің бастауы еді. Сол үшін ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясын құрды. Дер кезінде өзінің территориялық аумағын белгілеп, тиісті билік тармақтарын айқындаған, жергілікті милиция күштерін жасақтап, ел болудың қазіргі заманға сай идеяларымен жарақтанған Алашорда үкіметін басқарды. Қазіргі әлихантанушылар «Алаш» партиясының ұстанған бес бағытын былайша саралап береді. Оның біріншісі – жер мәселесі. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхан бұл жөнінде: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше,жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді», – дейді. Яғни, ата-бабамыздың ақ алмастың жүзі, ақ найзаның күшімен қорғаған қасиетті жерінің әр пұшпағы қымбат. Оны сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Алайда, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенмен, көптеген зиялы қауым өкілдерінің қарсылықтарына қарамастан осы басты тұжырым елімізде сақтала қоймады. «Соңы өкінішке ұрындырып жүрмес пе екен?» деген қауіп те жоқ емес. Екінші бағыт – ел аумағындағы жерасты, жерүсті табиғат байлықтарын  бірінші кезекте жергілікті халықтың пайдасына жарату, қазақ мемлекетінің кәдесіне асыру. Яғни, Әлиханша айтсақ, «Оның (туған жердің. С.О.) әрбір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек». Тәуелсіздіктің тағы бір шарты осында. Табиғи байлықтар әуелі өз еліңнің игілігіне бағытталсын, одан асса ғана жатқа салауат.Онда да жатжұрттықтар үшін жерасты, жерүсті байлықтарын пайдалануға тиісті шектеу қойып, ретсіз талан-таражға салуға жол берілмеуі керек. Әне, сонда ғана өз  тағдырыңа өзің ие екеніңді таныта аласың. Үшінші ұстаным – толықтай экономикалық тәуелсіздік. Бұл Ә.Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек».  Төртінші нысана – Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігінің сақталуы керек. Яғни, ұлттық мәдениетті көзіміздің қарашығындай көріп қана қоймай, оның айбынын асырып отыру. Әлемдік өркениетке біз тек төл мәдениетіміз арқылы ғана қосыла аламыз. Әйтпесе, өзге жұрттың шылауында жүріп, ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға, туған тілімізге шекемізден қарай берсек, күні ертең жұтылып кетуіміз де ғажап емес.  Ал, бесінші түпкі мақсат – тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.      Жиырмасыншы ғасырдың басында экономикалық және саяси-қоғамдық құрылым жағынан жедел дамып келе жатқан Жапония мемлекеті алаш қайраткерлері үшін ерекше үлгі-өнеге болатын. Отыз жетінші жылғы репрессия кезінде ұлт зиялыларына «Жапонияның агенті» деп жала жабу да осындай сырттай қызығушылықпен байланысты еді. Міне, ел болу үшін қажетті осындай ең басты бес қағидат қазіргі кезде маңызын жойды деп кім айта алар? Бұл идеялардың өміршеңдігі де, ұлылығы да сонда. Тағы бір атап айтар жәйт, Алаш зиялылары ұлттық-демократиялық мемлекет құрғанда сол кездегі кеңестік идеологтар мен соның ықпалындағы қазіргі арандатушылар көрсеткендей, ешуақытта «Қазақ елі тек қазақтар үшін» деп ойлаған емес, ондай мақсатты көздеген де емес. «Қазақ автономиясы таза бір ұлттық автономия болмайды, қазақ жерінде тұрып жатқан басқа ұлттар мен халықтарды да біріктіреміз. Біз оларға мынау сенің де елің, мемлекетің, автономияң, жер бәрімізге жетеді. Осы елдің, жердің берекесін келтірейік,осы елді дұрыс жолға салайық», – дейді Ә.Бөкейхан.  Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді былай деп жазды: «Әлекең шын мәнінде барлық сыннан өткен нағыз саяси көшбасшы болатын. Алашорда өкіметінің 15 мүшесі де интеллектуалдық деңгейі биік, бәрі жоғары білімді азаматтар еді. Ол кезде құрамы мен сапасы жағынан Кеңес өкіметі де бұларға тең келе алмайтын». Әрине, білімдіні қара күш басып, әділдікті зұлымдық жеңіп тұрған заманда ұлттық теңдік, елдің егемендігі туралы сөз қозғау мүмкін де емес еді. Алашорда өкіметінің өмірі сондықтан да қысқа болды. Бірақ олар ел мүддесі жолындағы күресті тоқтатқан жоқ.      Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрестің жаңа дәуірі Алаш зиялылары үшін халықтың көзін ашу, сауатын көтеру, санасын ояту мақсатына ұласып жатты.  Бұл бағытта баспасөздің орны бөлек болатын. Осыған орай, қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу оқыған азаматтарының Ұлы мұрат жолындағы тағы бір үнжариясы жарық көреді. Ол – жиырмасыншы жылдардың соңына қарай шыға бастаған «Ақ жол» газеті.  Бұл басылымның тарихы қызық. Алты жылдай Түркістан республикасы кіндік басқарма комитеті мен ортақшыл партия комитеті атынан тұрақты түрде Ташкентте басылып тұрады. Түркістан қазақтары Қазақстан республикасына қосылған соң редакция Шымкентке ауысады. Жаңа жерге келген соң қырық шақты саны жарық көреді де, ізім-қайым жоғалып кетеді. Оның орнына Шымкентте Сырдария атқару және партия комитетінің атынан басқа датамен, бірақ «Ақ жол» атауымен өзге газет шығарыла бастайды. Шығарушылар құрамында да өзгерістер пайда болады. Кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін музейінің директоры, ақын Ханбибі Есенқарақызының басшылығымен бұрынғы «Ақ жол» газетінің басылымдары Ташкент, Мәскеу және Алматыдағы ұлттық кітапханалардан іздестіріліп табылады. Арап харпімен терілген бұл басылымдар музей қызметкерлерінің күшімен орыс кириллицасына ауыстырылып, қазіргі таңда алғашқы он томдығы өз алдына кітап болып жарық көрді. Биыл, сәті түссе, келесі он томдығы да жинақ болып басылып шықпақ. Бұл енді басқа әңгіменің тақырыбы. Бізді  қызықтырғаны – ұлт көсемі, Алаш ардақтысы, мерейтойы биыл әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде атап өтілгелі отырған Әлихан Бөкейхановтың «Ақ жол» газетінің беттерінде жарияланған материалдары еді.    Әрине,сол кездегі газеттерде басылған ғылыми-публицистикалық, тарихи-танымдық мақалалардың басым көпшілігі бүркеме, лақап есімдермен беріліп тұрды. Сондықтан жазылу мәнері бірден көзге ұрып тұратын әдеби-көркем туындылардай емес, публицистикалық материалдардың авторын анықтаудың зерттеушілер үшін оңай тимей жатқаны да рас. Әртүрлі дау-дамайлардың туындап қалатыны да осыдан. Дегенмен, біз Бөкейхановтың «Ақ жол» газетіне жарияланған мақалаларын анықтауда белгілі әлихантанушы, Л.Гумилов атындағы Еуроазия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму ғылыми институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлының зерттеулеріне сүйендік. Ол кісінің айтуынша, Алаш көсемінің бүркеншек есімдерінің осы күнге дейін анықталғаны отыздан асып жығылады. Оның басым көпшілігі орыс тіліндегі жазбаларында жиі қолданылған. Ал екі тілде бірдей пайдаланған лақап аты – «Қыр баласы», «Сын степей» мен «V» белгісі екен. Бұлардан басқа қазақ тілінде жазылған мақалаларын «Ә.Н.» (Әлихан Нұрмұхаммедұлы), «Қыр ұғылы» немесе «Қыр ұлы», «Қ.Б.»(Қыр баласы), «Ғали хан» немесе «Әли хан», «Ғ.Б.»(Ғалихан Бөкейхан), «Ә.Б.»(Әлихан Бөкейхан), «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай» және басқа да бүркеншек есімдермен жариялап отырған. 1920-1926 жылдары шығып тұрған «Ақ жол» газетінен Әлихан Бөкейхановтың жиырмаға тарта ірілі-ұсақты мақалалары мен ел аузынан жинаған аңыз-әңгімелерін, әдеби аудармаларын таптық. Соңына «Қыр баласы» және «Ғ.Б.» деген жасырын атпен қол қойған. Әрине, ел сөзін ұстаған ақиық азамат үшін алты жылда «жиырма шақты» дегеніңіз аздау көрінетіні рас. Бірақ мұның себептері де жоқ емес. Біріншіден, сонау патшалық Ресей заманынан бастап, кейінгі Кеңес өкіметіне дейін үнемі аңдуда, қуғын-сүргінде, қамауда жүріп, «Ақ жол» газетімен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндігі болмады. Дәлірек айтқанда, мүмкіндік бермеді. Ұлт мүддесі үшін оның қалай күрескені жөнінде С.Аққұлы мынадай қызықты деректер келтіреді. «1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, екі рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті»,-- деп жазады зерттеуші-ғалым («Егемен Қазақстан»,24 қараша 2015 жыл).  Екіншіден, осыншама қиыншылықтарға қарамастан Әлихан Бөкейханов жалпы баспасөз ісін зор қажыр-қайратпен жүргізді. Шынында да ол төңкеріске дейін төрт газет шығарса, оның үшеуі орыс тілінде жарық көреді. Яғни, «Иртыш», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редакторлық етеді. Қазақ тіліндегі тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарады. Ал жиырмасыншы жылдардың ортасына қарай «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарының жарық көруіне ұйытқы болады. Баспасөзді халықтың көзін ашу, санасын оятудағы басты құрал деп білді, онымен айналысуды өз өмірінің мұраты деп түсінді. Сондықтан да ол тұтқындалған кезде өмірбаянына қатысты «мамандығыңыз» деген анкеталық сұраққа бір кезде жоғары білім алған кәсіптері: орманшы-ғалым немесе заңгер деп жазбай, «журналист» деп көрсетеді.  Міне, Алаш көсемінің бұрыннан қалыптасып қалған «Ақ жол» газетіне белсене қатыса алмауы осындай жұмысбастылық жағдайлардан да туындап жатса керек. Соған қарамастан Алаш көсемі «Ақ жол» газетінің бетінде де елге, жерге, ұлт тағдыры мен жастар болашағына қатысты өз ойларымен бөліседі, ұсыныстар айтады, кеңес береді. Оның «Ақ жолдағы» алғашқы мақаласы 1921 жылдың 9 қаңтарында газеттің 12-ші санында жарияланды. Шағын ғана мақала. Қазіргі газеттік өлшеммен қарағанда небәрі 70-80 жолдай. Бірақ осы жазбаның өзінен ұлттық идея жолында басын бәйгеге тігіп, бар өмірін Алаш қозғалысына бағыттаған қайраткердің қазақ елінің тәуелсіздігін қызғыштай қорыған мақсат-мүддесі бірден аңғарылады.  Патшалық самодержавие озбырлығының бір көрінісі қазақ жеріне орыс мұжықтарын қаптата қоныстандыруы болды. Оларға өзен-көлдердің бойынан егістікке қолайлы, тұрмысқа жайлы ең құнарлы жерлер мен мал жайлымдықтары тартып әперілді. Жергілікті халық мал өрісіне жарамсыз, сусыз, шөлді аймақтарға қарай ығыстырылды. «Столыпин реформасы» аталған реакциялық шешім шет өлкеге қоныстанушы мұжықтарға айырықша басымдық, ерекше өкілеттілік берді. Қазақтар оларды ниет-пиғылына қарай «қара шекпендер» деп атады. Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, Кеңес өкіметі «езілген ұлттардың теңдігін қалпына келтіреміз» деп жариялағанмен, оның шын мәнінде жүзеге аспай жатқаны Алаш басшысының назарынан тыс қалмайды. Оған Омбыдағы Қазақстан өкілдіктері арқылы Сибирь ревкомының Ақмола, Семей облысының жеріне 164 мың 645 қара шекпенді қоныс аудартуға жазып қойғаны белгілі болады. Қазақ жеріне жатжұрттықтарды  жергілікті халықпен санаспай әлі күнге дейін жіберуін жаны ауыра қабылдайды автор. «Бұл қалай? Николай заманы қайта қабынды ма?-- деп оқушылар сұрайды» делінген «Жауап хат» атты мақаласында. Шамасы, мақала тақырыбының өзі халықтың көкейіндегі сауалға жауап беруден туындап жатса керек. Мақалада ұлт көсемі ешқандай бос сөзділікке жол бермейді. Өз ойын нақты деректермен шегелеп жеткізеді. Ресей үкіметінің 1920 жылы 1 қыркүйекте «қазақ халқы өз алдына мемлекет болсын» деп шығарған заңын еске салады. Осыған орай сол жылы қазан айында қазақтардың сиезі болып, Қазақ республикасы құрылғанын айтады. Республика үкіметі 17 қарашада «қазақ жеріне бірде бір «қара шекпен» келмесін» деп шешім қабылдаған. Сондықтан да Сибирь ревкомының іс-әрекетін бұрынғыша көкірекке ұрып басыну, «заңсыздық» деп санайтынын жеткізеді. «Мұны біздің қазақ жұрты Россия Кеңес хүкіметінің саясаты деп білуге болмайды. Мұны істеп отырған – дағдылы Николайдың тұз сіңген, не өтірік ортақшыл, не Николайдың чиновнигіне жетеленген, соқыр, надан ортақшыл. Бұлардың мұнысы іске аспайды. Қазақ-қырғыз жеріне енді қара шекпен орнамайды. КирЦик, Кирсовнарком бұл туралы Мәскеумен сөйлесіп,  қара шекпендерді қайырмақ болып жатыр», – деп кесіп айтады, тіліп өтеді.  «Қазақ жеріне қазақтардың өзі ие, қара шекпен жер аламын десе,жергілікті ауыл, болыс кеңесі КирНаркомземге дейін таласу-тартысуы керек», – деп ой түйеді ұлт жанашыры. Өкінішке қарай, кесіп айтқан, ой түйген азаматтар  Кеңес өкіметіне де жаққан жоқ. Ұлт теңдігі бұл мемлекет үшін тек «декоративтік көрініс» үшін ғана қажет еді. Кеңес өкіметі Алаш зиялыларының соңына  көп ұзамай шырақ алып түсті. Қамады, атты, «ит жеккенге» айдады... Ә.Бөкейхановтың 1921 жылы «Ақ жол» газетінің 27-ші санында жарияланған тағы бір шағын заметкасы қазақтың алғашқы қайраткер қыздарының бірі Сара Есоваға арналған. Түркістандағы жалпы қазақ-қырғыздың І сьезі 1921 жылдың қаңтар айында Әулиеата қаласында ашылады. Міне, сол жиында делегаттарды құттықтап сөз сөйлеген Сара Есованың бойынан автор табиғи ұяңдық пен әлсіздікті жеңіп, өз теңдігі мен бақыты үшін күрескен қазақ әйелінің жаңа бейнесін көреді. Соны өзгелерге өнеге етеді. «Студенттерге жәрдем керек» деген мақалада(«Ақ жол».№314, 14 маусым 1923 жыл) Ә. Бөкейханов Түркістан республикасы атынан Германияда оқып жатқан бес қазақ студентінің тұрмыстық жағдайына алаңдаушылық білдіреді. Өзгелермен терезесі тең ел болу үшін шетелдерде мамандар даярлаудың маңызын атап өтеді. Шет жерде мұқтаждық көріп жүрген студентерге қамқорлық көрсетуді үкіметке ғана артып қоймай, «ел болып жәрдем жинауға  кірісу керек» дейді. Содан соң жәрдем жинаудың тиімді жолдарын айтып береді. Мәскеу қаласынан жазған «Выставка туралы»(№321, 30 маусым 1923 жыл) деген мақалада Ә.Бөкейханов Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ол кезде жалпы Россия шаруашылық выставкасы) қатысудың шет аймақтағы республикалар үшін ерекше маңызын атап көрсетеді. Оның үлкен тәжірибе мектебі екенін, болашақта халық шаруашылығы жұмыстарын үйлесімді жүргізуге қажеттігін айтады. Ұлт қайраткері өз идеясын жүзеге асыртпаған, сол идея үшін қуғын-сүргінге салып,қамауда ұстаған, ел-жұртынан айырып, азап көрсеткен Кеңес өкіметіне ешуақытта кінә таққан, жамандаған емес. Ол елдік мүдденің саяси талас-тартыстан жоғары тұратынын дәлелдеп берді. Сондықтан да ашық күрестен көрі қазіргі жағдайға бейімделу арқылы ұлтты сақтап қалудың, ел болудың, басқару ісін, шаруашылық жүргізуді жетілдірудің, өзгелерден көбірек үйренудің, халықтың сауатын ашу, зердесін оятуды қалады. Оның жазбаларынан осы бағыт бірден аңғарылады. Ол Кеңес өкіметінің халыққа, елге пайдасы тиер жұмыстарының бәріне қолдау көрсетеді. «Ел арасында оқу ісін кім жүргізеді?» деген мақаланың (№337, 30 тамыз, 1923 жыл) айтар ойы да тереңде. Бөкейханов  «Кіндік хүкіметтің қазіргі уақытта халыққа пайдалы ісінің ең қадірлісі – оқу, оқыту...» деп атап көрсетеді. Міне, осы мақсатты жүзеге асыратын,ең алдымен,  «жергілікті хүкімет» екенін айтады. Өкінішке қарай, жергілікті биліктің халық ағарту ісіне әлі күнге «салақ көзбен» қарап отырғанына қынжылады. Соның салдарынан мұғалімдер қорғансыз, ел арасында ашылған мектептің аты бар да заты жоқ. Ал, халық ағарту ісі болыс, ауылнайлардың «үш ұйықтаса түсіне де енбей» отырғанын сынайды. Ел ішінде оқыту ісін жүргізу жергілікті биліктің жанашырлығына тікелей байланысты. «Сондықтан бұдан былай жергілікті хүкімет... елге еркелік қылуды тастайтын уақыт жетті. Ел хүкімет үшін емес, хүкімет ел үшін жасайтындығын еш уақыт естен шығармау керек», – деп түйіндейді автор.  Сондай-ақ, «Ақ жол» газетінің №499 және №502 сандарында жарияланған «Білімге жалынған жұрт орман, бағын қалай қориды?», «Данияда кәператип пен ел шаруасы», 1925 жылдың мамырында екі нөмірге бірдей салынған «Жердің құйқасы» атты экономикалық тақырыптағы мақалалардың сол кездегі ауыл шаруалары үшін ғана емес, қазіргі зерттеуші-ғалымдар үшін де танымдық маңызы зор десек, қателеспесбіз. Әсіресе, соңғы материалда қазақтың кең байтақ жазық жерлері мен орманды алқабының топырақ құрамына жан-жақты сипаттама беріп өтеді. «Жердің құйқасы» деп саналатын құнарлы топырақ қабатын сақтаудың жолдарын көрсетеді,тыңайтқыш түрлерімен, ауыспалы егіс жүйесінің «әліппесімен» таныстырады. Ауыл шаруаларына егіншіліктің ғылыми негіздері жөнінде терең түсіндірме жасайды. «Қыр баласы» атты бүркеншек атпен берілген осы танымдық мақаланың өзі-ақ бір кезде Санкт-Петербургтегі императорлық Орман институтына оқуға түсіп, оны экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққан жанның іргелі ғұламалық білімін танытса керек. «Ақ жол» газетінде, сондай-ақ, «Қыр баласы» лақап атымен жарияланған Қырым татарларының ескі аңыз-әңгімелерін оқыдық. Лев Толстойдың атақты «Қажы Мұрат» повесінен үзінді тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Француз классигі Ги де Мопассонның «Сауда» әңгімесі, ағылшын философы Оскар Уайльдтың «Жұлдыз бала» атты хикаясы әдеби қазақ тілінде газеттің бірнеше сандарына басылып шықты. Бүгінде біз Әлихан Бөкейхановты Алаш қозғалысының көшбасшысы, қазақтың тұңғыш ұлттық мемлекеті – Алашорда үкіметінің негізін қалаушы қайраткер ретінде ғана білетініміз анық. Ал оның әдеби-мәдени дүниетанымы, энциклопедиялық білім парасаты, ғалымдық, жазушылық, журналистік қарым-қабілеті жағынан тани аламыз ба? Міне, бұл да болашақта өз зерттеушілерін күтіп тұр ойлаймыз.

  • Суханберді Оразалыұлы,
  • ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ғылыми қызметкері.



Вторник 23 Февраля 2016

"Ақ жол" VIІІ-томынан

Өлең

Қайда?

Сахараны жайлаған,

Мың сан қазақ ел қайда?

Ел басшы қып сайлаған,

Ар намысты ер қайда?

 

Жердің бетін қаптаған,

Қора толған мал қайда?

Бейнет көрмей сақтаған,

Қадырлеген жан қайда?

 

Қараңғыдан құтқарған,

Елді оятқан таң қайда?

Асырайтын жұптардан,

Түзетілген заң қайда?

 

 

 

Жаз айында түрленген,

Желкілдеген гүл қайда?

Төрт түлік мал көбейген,

Таусылған бәрі бұл қайда?

 

Астананы тойдырған,

Ақ ордалы үй қайда?

Жылаған бала қойдырған,

Бұрынғыдай күй қайда?

 

Ұран алса қызатын,

Алаш десе қан қайда?

Жау қорғанын бұзатын,

Қылшылдаған жан қайда?

 

Аштан өлген алашты,

Көретұғын көз қайда?

Жылап аққан қан жасты,

Тиятұғын сөз қайда?

 

Тап осымен жүргенде,

Оңатұғын түр қайда?

Бұл азапты көргенге,

Терең қазған көр қайда?

Ғабидолла Балақадырұлы

Страница 3 из 20
«ПерваяПредыдущая12345678910СледующаяПоследняя»

Календарь публикаций

<Сентябрь 2020>
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930    

Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация