Все материалы

Вторник 23 Февраля 2016

"Ақ жол" VIІ-томынан

Қазақ-қырғыздың календары туралы

«Үстіміздегі 1922 жылдың календары басылып шықты» – дегенді «Ақ жолдың» 159,158 сандарын оқыған азаматтар білетін шығар.

Бұл қазақ-қырғыз ұлтының тұңғыш календары. Қазақ-қырғыз ұлты мәдени тұрмысқа бірте-бірте жуықтап келе жатқандығы соңғы уақытта білініп отыр. Соның үшін мәдениетті халықтардың тіршілік тұрмысында, мінез-құлқында бар белгілердің бәрі бізде де болуға тиіс.

Мәдениетті халықтар «тық...» еткен дыбысты белгілі уақытқа есептеп «секунд», «минут» қылып отырғанда біз ғұмырды түйдектеп 12 жылдық «мүшел» мен өлшеп, адамның жасын (жылын) қар белгісімен өлшеп, ұзақ күнді көлеңкемен есептеп отырсақ, әрине «мәдениетті халықтардың қатарына тез арада жуықтай аламыз» – деп айтуға да, үміт етуге де болмас еді. Мұндай есептер мәдени халықтардың есебіндей тура есеп, толық есеп болып шықпайды. Мысалы үшін мынаны алайық: қазақтың әйелі октябрь айында босанса (1 айдан соң) декабрьде қар жауса, әкесі: «менің шырағым бір қар көрді, бір жасқа шықты» – деп қуанады. Келесі октябрьде (баланың туған күнінде) қар жауып қалса «шырағым екі жасқа шықты» – дейді. Баланың енді ғана бір жасқа шыққанымен жұмысы жоқ. Егер бір жыл қыс жұмсақ болып, қар жаумай қалса, балалы шал не қылмақшы?.. Әрине мұндай қолайсыздықтардың бәрі де календарьдың жоқтығынан. Соның үшін календардың керектігі жалғыз ғана қазақтың туған баласының жасын белгілеу үшін емес, ұлттың бүтін ғұмырына, тіршілігіне керекті бір зат болып шығады.

Файзолла мырзаның тізген календары біздің ұлтқа тұңғыш календар болғандықтан, бұл календарды ортаға салып сынап, артық-кемін мінеп пікір алыстыруымыз керек-ақ.

Мен өзім астроном да емеспін, жұлдыз санайтын қазақтың есепшісі де емеспін. Сондай күнде де Файзолланың тізген календары туралы мынаны айтпақшымын:

Файзолла ай аттарына мыналарды алып отыр: 1) Қаңтар, 2) Ақпан, 3) Отамалы, 4) Сәуір, 5) Май, 6) Шілде, 7) Сарша тамыз, 8) Сүмбіле, 9) Қыркүйек, 10) Қазан, 11) Қараша, 12) Қауыс.

1) «Қаңтар» деген сөз «қысқару» мағынасында. Күзден қысқа қарай күн қаңтарыла (қысқара) бермекші. Январь айында күн қаңтарылуы (қысқаруы) бітіп, онан күн ұзара бермекші. Сондықтан бұл ай аты болмай жай ғана бір құбылыс мезгіл болып шығады. «Тоқсанда торғай адымы, шілдеде шыл адымы, қаңтарда қарға адымы ұзарады» деген қазақтың сөзі бар. Бұған қарағанда да тоқсан күндік қыстың қаһарлы күндерін құстардың адымына салыстырып, осындай түрлі құбылыс мезгілдермен шаруаны өлшеп отыратындығы көрінеді.

2) «Ақпан» – бұл алты күндік ызғырық желдің аты. «Ақпан алты күн, тоқпан тоғыз күн, ая мүйіз алты күн, қаһарын алса жеті күн» – деген қазақтың сөзі бар. Рас бұлар февральдің ішінде келеді. Қазақтың бұл сөзіне қарағанда февраль айын үшке бөлу керек. Болмаса тұтас бір айдың атын «Ақпан тоқпан аямүйіз» – деп қоюға тура келеді. Өйткені, «Ақпанның» алты күні февральдің 28-29-ншы күніне татиды деп кім кепіл болғандай?!.

3) «Отамалы»-деген екі сөзден құралған: Бірі «от» – шөп, екіншісі «хмл»-қозы. Бірақ арабтың «хмл»-деген сөзі қазақша «қозы» мағынасында болса да қазақ «амал туысы, амал шығысы»-деп «мезгіл»-ге алып жүр. Сондықтан «отамалы» деген сөз «от мезгілі» мағынасы «көк шөптің шыққан мезгілі» болып табылады, бұл бір. Екінші: «март» айын арабша «хмл»-дейді. Бұл жағынан да Файзолла ойланбаған сияқты, болмаса «отамалыға» арабтың «хмлы» қосылған соң, басындағы қазақтың от-шөбін алып тастап, арабшалап «хмл», «үр», «шора» – деп даңғыл жолмен айдай беруі керек еді. Жоқ «қазақ түсінігі керек» десе, «от мезгілі»-деп қою керек. Мұны ұнамды көрмесе, «от, хмлдың» нағыз аудармасы «от-қозы» болсын.

4) «Сәуір» – бұл арабтың «үры» (қазақша өгіз), латынның «телец» – деген жұлдызына арналған. Бұл сөз календарьдан алып тастауға мүмкін болмаса қазақтың «қопал» сөздерінен календар жасап та керегі жоқ.

5) «Май» айы латынның «май-ай-Майи» – деген құдайының атына арналып қойылған бір ай. Кейін өзгеріп, Май делініп кеткен. Қазақ-қырғыз мейлі мұсылман болсын, мейлі кәпір болсын, әңгіме онда емес. Бірақ көзі ашықтардың айтатыны мынау болуға тиіс: қазақ-қырғызды мұсылманның құдайы жетістірді де, латынның құдайы қалды ма?!. «Коммунист күшейген соң, ескі құдай ексі құдай ұмытылып, жаңа құдай керек болды» – деген көп тілегі болса, мен қарсы болмадым.

6) «Шілде» парсы сөзі. Парсыша «шланд» – деп «қырық күндік кідірісті» айтады. «Үркер» жұлдызының қырық күн батып кетуі (июнь айында) және де босанған қатындардың шілдеханасы болады. Қырық күнге шейін босанған қатын тоқталады. Мұны бір айға алса, бір айда отыз күн. Қырық күн «шілде»-нің он күні кімнің қалтасына сияр. Жоқ, жұрт парсы сөзіне құмар болса, «шілде» демей «сы роз» (отыз күн) деп қояйық.

7) «Сарша тамыз» жоғарыдағы шілденің ішінде келетін тоғыз күндік ыстық керімсал желдің аты. Сарша тамыздың тоғыз күнін бір ай қылсақ, жылдың 21 күні кем келмей ме?!

8) «Сүмбіле» – арабша сөз. «Диуа-дева» жұлдызына арналған. Қазақша «егіннің басы» – деген сөз. Қазақ календарында сүмбіле демей-ақ «егіннің басы»-деп қою керек еді. Өзіңнен сөз табылса, басқаның сөзінің тиынға керегі жоқ емес пе?

9) «Қыркүйек» – бұл сөздің «құр күйек»-пе (қыркүйек)-пе екеніне түсіне алмадым. (Құркүйек) болса екі сөзден: бірі (құр) мағынасы (байлау), «түйіндеу» – деген сөз. Екіншісі: (күйек). (Күйек) – деген зат – төрт бұрышты кигіз, көлденеңі 5 бүршек, ұзыны 10 бүршек шамасында. Бұл екі сөзді қосқанда мағынасы (күйек байлау) болып шығады. Қойдың қашатын мезгілі июнь айында басталады. Сондықтан қой июль, август, сентябрь айларында қашса, бұл шаруаға өте жайсыз. Өйткені сол мезгілде қашқан қойлар, декабрь, январь, һәм февраль айларында қоздайды. Ол мезгіл суық болғандықтан, қозылары өліп қалуға тиіс. Соның үшін, шаруаның қылатын қулығы қошқарға күйек байлау. Ол күйекті октябрьдің аяғы, ноябрьдің бас шамасында шешіп алады. Өйткені, бұл кейінгі көрсетілген екі айларда шешіп алса, қойдың қоздайтын мезгілі март, апрель айлары болуға тиіс. Сөйтіп, құркүйек-күйек байлау июль айында болып, күйек алар мезгілі октябрь я, ноябрь айлары болуға тиіс. «Қыркүйек» болса, ол-қара боран, үш күндік жел. Бұл жел сентябрьдің ішінде келеді. Бұл желдің атын «қыркүйек» – деп қоюдың себебі мынадан: қырдағы ел қошқардың күйегін сентябрьдің ішінде алады. Өйткені, қырда құмның ішінде қыстаған елдің қойлары февраль ішінде қозылағаны мен шаруаға ешбір зияны жоқ. Құм жылы болады. Сөйтіп февраль ішінде қозылайтын қойлардың қошқары сентябрь ішінде күйегінен ажырайды. Сондықтан бұл мезгілді «қыр күйегін алатын мезгіл» – дейді. Баяғы жыл дәл сол уақытта келгендіктен «қыркүйек жылы» – дейді. Сөйтіп, календарьдағы «қыркүйек» айы сентябрьге тұспа-тұс болғандықтан «құр күйек» емес, «қыркүйек» қыр күйегін алатын мезгіл болуға тиіс. «Құр күйек» болсын «қыр күйек» болсын бұл екеуін ай атына алу меніңше болмайды. Оның себебі күйек алатын мезгіл қырда бір бөлек, Сырда бір бөлек. Қырда сентябрьде алса, Сырда ноябрь ішінде алады. Сөйтіп, «күйекті» ай атына алсақ, «қыр күйегі» үшін бір календарь, «Сыр күйегі» үшін бір календарь екі календарь жасауға тура келеді. Екіншісі «күйек» деген нәрсе тарихи ай аты болуға сыпайы сөз емес. Бәлки, сол мезгілде де шаруа тіршілігінен алған күйектен басқа да сыпайырақ неше түрлі ат бар шығар. Қарастырып солардан біреуін қолдану керек еді.

10) «Қазан» – парсыдан алынған сөз. «Хзан» – деп парсылар солған, қуарған жапырақты айтады. Біздің қазақ «қазан желі», «қазанның суығы деп, үш күндік суықты айтып жүр. Бұл суық октябрь ішінде болады. Суықтан кейін ағаштардың жапырағы қурап қалады. Мұны «қазан ұрды»-дейді. Бірақ шын түбін тексергенде парсының «хзаны»-да қазақтың «қазаны»-да бір сөз. Бұған шатақ қылу керек емес. Сөйтіп, бұл да болса ақпан, тоқпан, ая мүйіз сияқты көп құбылыс мезгілдердің бірі. Мұндай құбылыс мезгілдерді ай есебінде былықтырып ала берсек, қазақша ай сандары 40-50-ден асып, қазекең ғылымға жарлы болса да «айға» байды.

11) «Қараша» – құстың аты. «Қара жерге қар жауса, қарашамен қоштасар» – деген қазақтың өлеңіне қарағанда, «қараша» құс қар жауғанда кететін болуға тиіс. Қараша айы ноябрьге түспа-тұс келіп отыр. Егер бір жыл қар ноябрьде жаумай қалып, «қараша» құс кетпей қалса, онда не қылмақшымыз? Календарьдағы қарашаны қаңтарға қарай сүйремекшіміз бе?!.

12) «Қаус» – араб сөзі. Арабша «қос» – деп өлшейтін, салыстыратын бір затты айтады. «Стрелец» – деген жұлдызға арналған. Бұл «қос» ноябрьге келеді. Декабрьге қайдан адасып жүр? Жоқ, біздің наука (ғылымы)-мыздың күшті болғаны ма?!.

Жоғарыдағы көрсетілген ай аттарына қарағанда Файзолла календарды қазақ тіршілігіне лайықтап, һәм жаратылыстың түрлі құбылыстарына көз жіберіп тізген сияқты. Менің түсінігімше календарь тіршіліктен алып жасалмайды. Астраномия ғылымының терксеруі бойынша жасалады. Солай болғанда «Гиппарх-Гиппарфтың 12-ші жұлдызы», «Зодияк-зодиок»-гі құр дияк қалып қазаққа жағымсыз түрлі ыстық суықты желдерменен календарь тізіп отырсақ тарих алдында жүзі қара болып ғылымға сенбегеніміз ғой.

Жалпы дүние жүзінде календар бір жобада жұлдыз есебімен келе жатыр. Сондықтан бізде жұлдыз есебімен кетуіміз керек. Өйткені «Гиппарктың» 12-ші жұлдызын арабтар өз тіліне көшіріп, ол бүтін мұсылман ғаламында қолданулы.

Ол мынау:

Овен

Рыба

Водолей

грекше

Хмл

хот

длу

Арабша

Қозы

Балық

Қауға

Қазақша

Рак

Близнец

Телец

Грекше

Шаратан

Жоза

Сұр

Арабша

Бақа

Ақ меңді қара қой

өгіз

Қазақша

Весы

Дева

Лев

Грекше

Мизан

Сүмбіле

Асд

Арабша

Таразы

Егіннің басы

Арыстан

Қазақша

Козерог

Стрелец

Скорпион

Грекше

Жды

Қос

Ғқрб

Арабша

алақ

Теңеру белгісі

шапан

қазақша

 

Мұндағы сөздер қазақ ұлтына өте жат деп дәлел көрсетушілер болар, оған қарау керек емес. Ахметтің «Тіл құралына» ұқсап календарьға өзі де, сөзі де әуелгі кезде жат көрінгенімен, бірте-бірте көз де, құлақта жаттыға берер. Арабтар гректен өз тіліне аударғанда жалпы халыққа жат көрінген шығар. Әзірде мұсылман ғаламына тарихи сөздер болып қалды. Сондықтан календарь бізге қандай жаңа зат болса оның ішінде әзіргі ай аттары да сондай жаңа болып, кейін тарих болып қалады.

Менің жоғарыда орыстың әзіргі қолданып жүрген (римше) ай аттарын көрсетпегенімнің себебі мынау:

Римше ай аттары түрлі нәрселердің ескерткіші болып отыр Һәм айдың сан есептері көрсетіледі. Олар мыналар:

Май, июнь, һәм авгус (латын құдайы). Бононы (латын құдайы) Юли Цезарь (календер тізуші) августь (ром патшасы) сондай-ақ октябрь, декабрьлер латынша сегізінші, оныншы айлар деген сөз.

Бірақ бұл римше айлардың негізі зодияк – зоиялдың он екі жұлдызы.

Тана.



Среда 17 Февраля 2016

"Ақ жол" VІ-томынан

Будан

Кәпір Николай – ай! Мұсылманнан орыс дініне шығушылар болса қабыл етіп, орыстан мұсылман дініне шығушылар болса рұқсат бермеуші едің-ау! Түбіңе жеттік пе!!

Бұл күнде бостаншылық, төңкеріс. Бірақ бұл төңкерісте ұттық па, ұтылдық па, ол арасын жазып отырмаймын. Өйткені тарихтың ісі. Оны келешек тексереді. Тек менің бұл орында айтайын дегенім, аз да болса төңкеріс пайдасының тигендігі.

Кейбіреулер айтады, төңкерістен қазақ көп пайда көрді. Жер заңы өзгерді. Егістік жерлер суарылды. Мал тұқымын асылдандыру мәселесі көтерілді.

Әйел теңдігі болды. Басқа бас қосылып шаруаның біреуі екеуге айналды деп.

Бұлардың малға мал қосылмаса да, басқа бас қосылды дегендеріне менде иландым. Өйткені біздің Бәймен шалдың баласы Жарлығас көптен үйлене алмай әне-мінемен жүруші еді.

Қазақ қыздары болса «оқымаған, Жарлығас оқымысты». Неше жылдай болысқа писер болып тілмаштық қылған. Ол уақыт үйленуге өзі «оқымысты» болғандықтан қазақ қызын менсінбеді. Орыстан алайын десе, Николай заманында орыс қызынан туған бала, анасының дініне ереді, шіркеуге апарылады, шоқындырылады дегеннен кейін қолы «жетпей» жүрді.

Төңкеріс болды. Бостандық берілді деп тіл айырмасына қаралмады. Бірақ сөйткенмен де қазақ «здраствуйтені» үйрене ала қоймады, далада болды. Сондықтан қаншама төңкеріс болса да қазақ қыздары шаһарға келіп орыс қыздарындай қолтықтасып жүре алмас дегенді бірлі-жарымды «оқығандар» айтысып жүрді. Сонан кейін Жарлығас барды да Степанның үйінде жүретін Анна дейтін қызға некеленді.

Анна қазақша білмейді, орыстың қызы. Жарлығас қазақшалап емес, шаһардағы өзімен бастастарды шақырып орысшалап той жасады. Тойға жиналғандар, қазаққа Анна деген ат ерсірек болар, әзірге «үйренбеген» халық қой десті де, Аннаның атын «Жамал» қойды.

Мұнан бұлай қарап-ақ бірте-бірте біздің ауылдағы «оқыған» жігіттер сол сияқты қыздарға үйлене бастады.

Әрине бұлар төңкерістің пайдасы. Екіншіден қазақ қыздарының «оқымағандығы», орысша «білмейтіндігі», әрі мынау оқыған жұрттардың қыздарындай емес, шаһардың тұрмысына «қолайлы» келмейтіндігі.

Қуаныш жата ма, баласының үйленгендігін Бәймен шал естіді.

Шығынсыз келінді болдық деп үй іштері қуанды. Атына шейін білді, «Жамал» екендігін.

Бәймен өлгенше малды кісі емес, құда боламын деп бірлі-жарымды көңіл қылған жерлері малды көп сұрап, әбден ығыр қылған. Енді шығынсыз келінді болғандығына қуанып, әрі баласының абырой, беделіне көңілі толған соң малды көп сұрап қыздарын бермегендерге иығын көтеріп көк шолағына міне сала шаһарға кетті.

Баласының пәтеріне түскеннен кейін тыстағы баладан «Жамал қайда?» дейді.

– үйде.

Бала апарып тыстағы келінін көрсетті. Баймен келініне келіп:

– ия, келін шырағым аман ба? Қадам жайың қайырлы болып, қойның құтты болсын! Дейді.

– Здраствуй, здраствуй! Деп басын изейді келіні.

– Жарлығас қайда?

– Вечером приходит!

Бәймен орысша білмейді. Біраз тұрады да баласы келгенше шешініп, күпісін астына салып жатып ұйықтамақшы болады.

Сөйтіп жата бергенде:

– старик, старик дейді келіні.

Баймен орысша түсінбесе де қол сілтегенінен біледі. Шық! деп тұрғанын. Күпісін қайта киіп, салы суға кеткен кісіше көк шолағына мінеді де тұп – тура үйіне тартады.

Былтыр біздің ауыл Самалықтың келіні Криме ханымның сөйлеген сөздеріне күліп, тілін қызық көруші еді.

– Мен бит қазақ түгіл, қазақша аңламаймын – деп, айтады деп.

– Китр-китр дегені не дегені екен деп әр сөзін бір сұрап мұғалім Есқараның басын ауыртатын, ауылдың қыз қатындары. Енді мына «Жамалды» көргендері, қайда, Криме! дейді.

Менің доқтырлығым да, сәуегейлігім де жоқ. Бірақ қазақ «будан» пысық келеді деуші еді. Будан болса, осындай басқа жұрттың қызын алып сол қыздан туған балаға айтылады.

Бұған қарағанда, мына азаматтарымыздың бұл талаптары жақсы. Қазақ келешекте қайратты, пысық, өткір болар.

Болмаса, қазақтың Фатимасын ал, Жамилясын ал тіпті қай қызын болса, сол қызын ал, бәтіңке, қынама көйлек, қынама бешбет кигізіп жібек орамалды басына бос салдырсаң, қандай Анна болса да кем болмайтынын білем. Тек айырма сонда ғана, мұнан туған будан болмайды, әрі бұл қазақ көпке шейін здрастиды білмейді.

Асан.

"Ақ жол" V-томынан

ҚАЗАҚСТАНДА

Өлімнің ауруы

Биылғы жылы қайырымсыз күннің ыстықтығы Орынбор даласының түгін қалдырмай күйдірді. Егіндер һәм шөп ұшып өртеніп тұрмыс тоқталды.

Еділ бойындағы сияқты аудандарда аштықтың сүйекті қолы 10-100 мыңдаған адамның алқымынан алуда.

Орынбор қаласының өзінде күн сайын 250 дей адамнан өліп тұрады. Оның ішінде аштық өлімінен өлушілер саны 130-140, қалғандары қашаннан бері аштықтың үзеңгі жолдасы болған жұқпалы аурудың еншісіне берілетіндер қарын сүзек, қайталама сүзек, бөртпе сүзек деген сүзектің неше түрлі тарауы ел арасында жайылып болған.

Аштық істері мен шығып, аштықтан әлсіреген соңғы кезде киімнің жоқтығынан суыққа тоңған босқындарға бас құрайтын орын шөп сарайының бұрынғы ат қорасы қызметін атқарған бұрышының түкпірі.

Олардың көбі сол шөп-шаламның, шаңның арасында жан тапсырады. Күн сайын сол қоралардан жаңа өліктер табылады.

Өліктердің қарны, кеудесі ісінген, қабырғалары, сан сүйектері анық көрініп тұрады.

Орынбордағы өлім барысы осы қалыпта болып тұрса Орынбордың 108 мың 768 жаны бір жылда бітпекші. Орынбор губерниясында күн сайын 800 адам өліп тұрады. Оның қарын сүзектен өлетіні жүзден 22 адам (22%), бөртпе сүзектен 15%, қайталама сүзектен 12%, іші кетіп өлетін 40%.

Жұқпалы ауру мен аурушылардың көбі (90%) аштардан.

Мағлұмат

1921 жылы құрғақшылық болып егін шықпай, жұт болып, ел қырылып қалғаны кесірінен жәрдемге мұқтаж болып қалған Қазақстандағы ашыққан 6 губерния халықтың күйзелісі тақырыпты.

 

Сан реті

Ересек кедейлер һәм балалар саны

Соңғы екі жылдың ішінде десятиналап себілген жер

Ескерту

Губерниялардың аттары

Ересектер

балалар

Бір жерде жиылып қалғандар

ашыққандар

Барлық халық

1

2

3

4

5

6

Қостанай

Ақтөбе

Орал

Бөкейлік

Орынбор

Адай

410073

235348

409222

217886

403700

238000

26000

84959

12047

4105

32000

2000

4679

7160

10425

2259

8

250965

315345

21403

230637

35000

478494

531445

421269

221791

568700

360000

360000

25000

12600

14103

1.мағлұмат

тың бәрі де ел баяндамаларынан алынған. 2.жиылған астықтың азы ғана мал жемі үшін арналмақшы.

 

Осы губерниялардан биылғы жылы бір десятинадан астық бір пұттан 5 пұтқа дейін ақ шыққан малдың 90 саны қырылып 10 саны-ақ қалған.



Понедельник 15 Февраля 2016

"Ақ жол" IV-томынан

Абай кітабын бастыру керек

(Қазақстан ағарту комиссариаты назарына)

Қазақстан ағарту комиссариаты жанында құралған жазушы-бастырушы комиссия ұлт әдебиетін жинап бастырғанда ең әуелі Абай сөзін бастырар деп сенеміз. Олай етпеске болмайды. Неге десеңіз «Абай» кітабы бұл күнде өте-өте сирек қалды. Ол сирек қалған жалғыз жарым нұсқалары да тозып жыртылған көрінеді. Енді аз уақытта «Абайды» қолға түсіре алмасымыз кәдік.

Мәселен бүтін Бөкей губерниясында тіпті ұлт әдебиетімен шұғылданып жүрген адамдардың да қолында «Абайдың» бір нұсқасы жоқ. Бүтін Ырғыз үйезінде «Абайдың» бір нұсқасы бар. Оны да әркім жасырып алып кетіп иесі ізінен іздеп зорға тауып алады. Атбасар үйезінің жартыдан көбін аралаған адам «Абайды» көре алмаған. Қараөткел үйезін екі рет бастан аяғын сүзіп шыққанда бір-ақ адамда бар болып шықты. Бөтен үйездерде осылай. Бұған қарағанда «Абай» кітабының нұсқалары жоғалуға айналғаны білінеді.

Бірақ онымен Абай аты жоғалар емес. Абайды естімеген қазақ жері кем. Орынбор шегінен Сібірге өтсең Қытай шегіне дейін Сарыарқада Абай әні салынып Абай өлеңі жырланады. Әсіресе қазақ ішінде көп айтылатын әні «Көзімнің қарасы» һәм «Сегіз аяқ».

Абай енді басылғанда бұрынғы басылғанда кеткен қатесін түзеп қалған жерлерін қосып қара сөздермен басылмай қалған өлеңдерін толықтыру керек.

Жаңғыртып басқанда тәржімаларын әбден толықтырып жазып кітаптың басына орналастырып, «лирика» қара сөздерін ыңғай-ыңғайымен басу жөн. Мүмкін болса әрине. Абай өлеңінде бейнеленген жерлер орындар һәм Абайдың тұрған қыстаулары, үйлері һәм моласының суреттері салынуы келісті.

Абай сөзін жатқа білетін Абайдың өз аузынан жазып алып отырған Микейл деген баласы. Микейл бұл күнгі басылған өлеңдерінің арасында қалған жолдарын кітапқа кірмегендерін һәм қай өлең қандай мезгілде не себепті жазылғанын біледі. Қашаннан Абай ауылымен аралас-құралас құдандалы болып келген ауылдан азамат Мұхтар Әуезов бар. Мұхтар қаламға олақ деуге келмейді һәм әдебиеттің теориясымен де таныс.

Соның үшін Абай кітабын жаңғыртып басушы Микейлды алдырмай амалы жоқ. Екінші Абай сөзін жинап тәржіма халына дейін жинауды Мұхтар Әуезовтың міндетіне арту дұрыс-ау дейміз.

Қала берді Абай сөзін, тұрмысын жақсы білетін адамдар: Смағұл Абай баласы, Шәкәрім ақсақал һәм Көкбай молда. Соның үшін Абайды жаңғыртып басарда осы азаматтардың да жәрдемі көп тиеді.

Абайдың тұрмысы һәм ісінің бағыты жайынан жалпы мағлұмат берерлік адам Алихан ағай.

Міні келіп бастырарда осы адамның бәрінен де һәм тағы басқа білетін адамдардан толық мағлұмат жинап басуды мақұл-ау дейміз.

Бірақ тез басылса екен.

Телжан.


"Ақ жол" ІІІ-томынан

Ел күйзелді

Тарих жүзінде алаш ұранды қазақ-қырғыздың басынан кешкен ағымның зоры баяғы «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болса керек. Оған енді 200 жыл өтті. Сонда қазақ пен қалмақ соғысып, қалмақ жеңіп, қазақтар кір жуып, кіндік кескен мекенінен ауып, ботадай боздап босқан екен. Сол ағымды басынан кешірген жыраулардың мұңлы зарын бұл күнге шейін жұрт ұмытпаған.

Мына заман қай заман қысқан заман?

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман!

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

 Мына заман қай заман бағы заман?

Баяғыдай болар ма тағы заман!

Қарындастан қара үзіп қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын.

 Осы «ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламадан» кейін де қазақ-қырғыз тапқа құралып отырып, ел болып кетіп еді. Онан кейін талай жұттар «ақ тышқан, көк тышқандар», «ұлы қоян, кіші қояндар» – кешегі аты шулы «доңыздар» өтті. Бұл жұттарда қазақ-қырғызға тұқымдық мал қалдырып, 5-10 жылдан кейін елеусіз болып ұмытылып еді.

1916 жыл бүкіл қазақтың басына қорқыныш туып, айрықша Жетісу қазақ-қырғызы қырғын тауып жатқан. Малдан оңбай, туып өскен жерінен қош айтысып, азып-тозып қашып кетіп еді. Бұл сорлылардың басына бостандық күні туып өлгені өліп, тірілері мекендеріне қайтып, бұл күнде қыбырлап ел қатарына қосылған болып отыр. Жетісу қазақ-қырғызының мал-мүлкінің айырылғаны бір сәрі, адамның жүзден он бесі қырғын тауып еді.

17-18 жылдарда Түркістанда ашаршылық болып, жұрт малынан айырылып, адамы босып, Сырдария қазақтары шыбындай қырылды. Бала-шағаларын, қатын – қыздарын сатты. Бірақ келер жылы егін шығымды болып, жалпы жұрт тоқшылық көріп, Сырдария қазағының дені аман қалып еді.

Жоғарғы айтқандардан көрінеді. Қазақ-қырғыз талай тайғақ кешу, тар көпірден өткендігі. Енді кеңес хүкіметінің заманы-ау деп демімізді алып, төңкеріс жемісіне ортақ болып, саяси теңдікке орнығып, тіршілігіміз түзеліп, ел қатарына қосылып едік. Әлі де сорымыз арылмаған екен. Арқадағы алаш жұтқа ұшырап, ашаршылық азабын шегіп отырмыз.

«Ақ жол» жүзінде Арқа елінің күздеулігі бұрында жазылып келіп еді. Соңғы күндері алынған хаттардың анық хабарына қарасақ, жас көңілге қайғы толып отыр. Жұтаған мал, қалың ауру, қаптаған өлім.

Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазға салым ашаршылық күтіп тұрмыз. Елден азық таситын көлік қалған жоқ.

Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді, мал өліп жатыр, жұрт жаяу, аш– жалаңаш.

Омбы үйезінде жан қалатын емес. Жұрт арық, өлім күшті.

Темір үйезінде жұт ауру қалың.

Бөкей ордасының қазақтары «томаршық» деген ағаштың безін қағып жиып жатыр. Он қарасы бар үй бүкіл бөкейлікте үлкен бай саналады. «Томаршық» тілесең ет, тілесең нан болып тұр.

Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күзді күні өлген малдардың өлексесін қарасынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, әрі аурулы қылып бейшаралар қырылып жатыр.

Міне, Арқадағы бес облыстың (Ақмола, Семей, Орал, Бөкейлік, Торғай) жайы.

«Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» қазақтың есінен 200 жылдай шықпаған болса, биылғы жұт ашаршылық өткен замандағы апаттардан он есе ауыр тисе керек. Өз басымыздан ауыр халді өткізіп тұрмыз. Ақтабан шұбырындыда қазақ-қырғыз қоныс аударып, аман қалған болса, қазіргі заманда барар жер, басар тауымыз белгілі.

Үміт аз. Өйткені ел осындай күйзеліп, ашығып, қырылып жатқанда, қара суға семірген қайғысыздар, атқа мінген антұрғандар қысылған жұртқа жәрдем берудің орнына, бүлінген елден бүлдірге алып, пәлені молайтып жатқанын естиміз. Оларға елдің зарыққаны, өлгені, тірілгені қанша керек! «Дүниені топан су қаптаса өзім аман болайын».

Қазақстан Республикасының хүкіметі қайда? Не шара қарастырып жатыр?

Біз һеш нәрсе білмейміз, ойлаймыз, қарап отырмаған шығар деп. Қам қылып жатқан шығар деп ел ерге қарайды, ер жерге қарайды. Оны білген хүкімет, елін сүйген азамат мынау апаттан еліңді аман алып қалу шарасына кіріс.

Ел күйзелді!

Мадияр


Пятница 12 Февраля 2016

"Ақ жол" ІІ томынан

Найман арығы

Мұнан 20 жыл бұрын, Шымкент үйезіндегі наймандар өздерінің қонысы болған «Қара жантақ, Ақ арық», деген сусыз, жаман далаға, Арыс өзенінен су шығармақшы болып, тереңдігі 3, кеңдігі 2 жарым сажын арық қазған. Арықтың басы бұл күнгі «Темірлан »* поселкасынен жоғары басталып, жерге су шығарып барған.

Бірақ, наймандар не себептен екені белгісіз, мақсатына жете алмаған. Сөйткенменде, су шығып барған жерлердің бәрінде, жұрт егін салып, қарық болған.

Көп ұзамай, Темірланға ішкі Россиядан мұжықтар келіп орнайды. Һәм сол төңіректегі қазақтардың жақсы жерлерін алып, қоныс етеді. Қазақ бұрын егін егіп, ол жерлерді құлпыртып қойғандықтан, егін мұжықтардың жайылымын тарылтып, өрістеріне жайылымсыздық келтіреді. Сондықтан мұжықтар, бұл жердегі қазақтарға тиіп, жерінен бездіреді. Ақырында, арықтан төмен қарай су өткізуді тоқтатып, наймандардың қылған бейнетімен, маңдай терлері босқа кетеді.

Мұнан, кейін  «Найман арығы» су алып құриды.

1913-14 жылдар найманның бас адамдары ел жұртын жинап, жер- судың керектігін аңғартады. Мұның үшін арықты қайта қазудың қамына кірісіп, қаншама айтыс-тартыс соңында ғана барып, рұқсат қағазын алады. Мұнан кейін, арық тазаланып, Темірланның жоғарғы жағынан бір жыл егін салады. Кісілер жыл арықты мақсатты жерге алып барамыз деп жүргенде, 17-ші жылғы ашаршылық бәлесіне ұшырып, жер егусіз қалады.

1918-19 жылдар Түркістандағы аштық пен күресу комиссиясы, бұл жерлерге егін ектіріп, жақсылап астық алды.

1920  жыл бұл арықтан, қазақтыңда хүкіметі пайдаланған жоқ. Бекер.

Енді Найман арығы бір мысал үшін ғана келтіріліп отыр. Болмаса, Шымкенттің сол жекелігіне қаралып шығылса, Найман арығы сияқты ілгерігі заманнан бері қазылып қалған арықтар толып жатыр. Бұл не қылған арықтар деп сұрасаңыз, ақасақалдары мына жауапты айтады: «Бұрын Ақ – су үйезінен «Асыл»* арығы арқылы су келіп, қазақ жұрты егін егуші еді. Ол уақытта бұл жерлердің өр-қыры демей бәріде су үзіліп, жайқалған егін, көгерген көк майса болушы еді. Мына, көрінген ағаштар жеміс бен сарғайып пісіп, қауын-қарбызбен толы болушы еді. Ендігі түрі мынау! Топырағы шығып, шаңы бұрқырап, қурап тұрғаны.

Мұның, себебі не? деп сұралғанда, шырағым-ай Николай хүкіметі ол жерді келімсек мұжықтармен толтырғаннан кейін, біздерге су өткізбей қойды ғой, деп сөздерін аяқтайды.

Енді бұл күнде Кеңес хүкіметі, патша тұсындағы төрелермен жуан- жұдырық крестьяндарға жол бермей, жер-су еңбекшіл кедейлердікі деп жариялап отыр. Сондықтан мына арық маңайында отырған қазақтар ауыз біршіліктеріңді қылып, бастарыңды қосуда бұрынғы байларыңның салып кеткен ізі мен, тірелген арықтарыңды қайта оңдап, суын шығарып, далаңды көркейіт! Бұл  туралы, керекті жәрдемді Кеңес хүкіметі аямас.

Қозыбақ

"Ақ жол" І томынан

Басқармаға хат

Ортақ, Сұлтанбек Қожанов!

«Ақ жолдың»№1-2 көзден өткіздім һәр әріптері һәм форматы өте жақсы. Бұл заманда бұдан артықты қылып болмайды. «Ақ жол» шындап газет деуге лайықты. Бірақ, газеттің аты туралы бір-екі сөз айтайын: Теңдікшіл, ортақшыл ортақтардың өзінен «ақ» сөзін есту жүрекке жатырақ болады. Қызылдардың жолы «ақ» болмаса, керек еді. Біз жолымыз ақ болса, ақтармен төбелесіп, қан қумас едік. Біздің жолымыз «қызыл» болуға тиіс еді. «Ақ жолға» ат қойғанда мен болсам «Қызыл жол» яки, «Біздің жол» деп ат қояр едім.

"Ақ"-ты светлый деп тәржіма қылыпсыз. Неге "бели" (белый) деп тәржіма қылмадыңыз? "Светлый" не үшін шуақты (нұрлы) деп тәржіма қылмадыңыз. "Ақ"-ты "светлый" деп тәржіма қылуға қазақ әдебиетінің қай жері мұны қыстады?

Танысыңыз: Ғалижан Рахметуллин

Түркістан, 18 декабрь

Ғалижан жолдасқа жауап

«Өзіңе-өзің мықты бол,

Қонысыңды ұры тұтпа»

Қазақ мәтелі.

Жоғарыда келтірілгенге ұқсаған хаттар һәм ауыз екі де «Түріктен» Â я, білгіштерден  осы секілді сөздер, біздің газетіміздің аты туралы әр жерден естіле бергендіктен, бізде бұл туралы қысқаша өзіміздің «білімсіздік түсінігімізді» баяндап өтуді керек білдік.

Газет секілді үзілмей шығып тұратын саяси баспасөздер жалғыз атына қарамай, тұтқан жолына, ұстанған жобасына, бара жатқан, бет алдына қарап, бағалануы тиіс екендігіне ешкім таласпайды. Сондықтан «білгіш» сыншыларымыздың біздың газетімізді осы жағынан сынға алып, келіспегенін көрсетуін өтінеміз.

Ғалижан әпендіге ұқсап әріптері һәм форматы өте жақсы «Ақ жол» шындап газет деп айтуға лайықты бір қағаз деп баға берушілердің «Ақ жол» газетінің сөздері һәріптері..(танылмады. Ред.)... қағазға басылғанын қайдан білгеніне танқаламыз. «Ақ жол» деген сөзді «қызыл» дарға лайықсыз көріп жақтырмай, «қызыл жол» деп қойса, оңды болар дейді, онан кейін орысша неге жөнді тәржімә қылмадың деп жазғырады.

Бұл туралы айтарымыз; қазірге шейін халық тілі, әдебиет тілі дегенге бөлінген қазақта тіл жоқ. Бір ғана қазақ тілі бар. Сондықтан қазақ тілін қолданғанда басқалар қуып тыққанымен, біз «әдебиет» қорасына қамалып қана, басқа жанды өзімізге арам деп санамаймыз. Қазақ тілінде «Ақ жол» деген сөздегі «Ақ» да «білгіштер» қуыстанғандай, жаман саяси мағанасы жоқ. «ақ бата», «ақ көңіл», «ақ сөз», «Ақ жол» һәм басқа осыларға ұқсаған сөздер һәм бұл сөздердегі «ақ» дегеннің мәнісі: «тіл білгіш түріктердің» түсінуінен басқа екені анық білінді. Құр «біліп қана» қоймаған. Тура сөйлеп жүрген, туған тілінің мәнін арқылы біліп, жүрегі сезетін қазақ жұрты ол сөздерді естігенде, көз алдына бір түрлі шындық, тазалық, қулық-сұмдықсыз жақсылықтың ең болып жеткен идеалы келіп тұрады.

Ғалижан әпендіге ұқсап, сыртын түгендейтін, ішімен ісі жоқ, тіл білімін тегін тауып алған «білгіштердің» ықтиярына берілсе, қазақтың тілімен ісі болмастан, заманында «Түрік әдебиетінде» салт бола қалса, «қызыл жол»,  «қара жол» деп ат қоя беретіні анық. Бірақ, бұл сөздердің қазақша мәнісін, қазақ түсінігінде не екенін біле тұрып, «әдебиет қорасында» салт болмақ түгіл, басқа сөз таусылып қалғанда да, «ақ» деп айта алмай, қиналып қалатын болсақ та, біз қабыл ала-алмайтынымыз анық.

Біз мұны  қазақ тілін білетіндерге баяндап отырмыз. Қазақ тілін білетін оқушылар «қызыл жол» дегенге ұқсаған сөздердің қандай жаман мағынада айтылатынын білсе керек. Жалпы жұрттың кейін қалған тобы, «әдебиет» деген нәрсенің не екенінен хабарсыз, қара бұқараға арналған. Солардың түсінігіне түрткілеп, жөн сілтеу жолындағы газет ауылылының сөзі таусылып қалғандай, туған тілінің тура түсініктері жойылып кеткендей, орыс сөздерін шет пұшпақтап тәржімә қылып, есебін тауып, ешкімге түсініксіз  «әдебиет» тілін жасаудың лайығы жоқ екені талассыз іс болса керек.

Солай болса да, ноғайша түсінікке лайық  шығар деп үндемейміз. Екінші, татар тілінде де  «Түрік әдебиет» тілінде де,  «ақ» деген сөз жойылып кеткен жоқ, һәм жойылуы жақын арада емес.Бұл сөзден қанша қашқанмен, мүмкін емес. Мысалы: «халық ағарту» деген сөз. Тақ бүгін татар коммунистерінің аузында, газеттерінде жоқ емес, бар. Түпкілікті тіл мәселесі туралы ортақшылдар партиясының кіндік ұйымдары баяндап, жол көрсетіп отыр. Һәм сол бағытпен бізде  «Ақ жол» бетінде баяндап өттік. Қазақ тілінің сөздері қазаққа түсінікті һәм сол бағытпен бізде  «Ақ жол» деген сөзде «коммунизм – Ақ жол» деген мағынада қазаққа түсінікті.

Енді газеттің аты һәм сондай ат қойған, бізді айыптайтын не жөн бар? Кейбір басқа ұлт балаларына қазақ тілі, түпкілікті жат тіл болғанына біз айыпты емеспіз. Осыны ескертіп келгенде, еріксіз ойыңа қазақтың ескіде болса, орнын тауып айтқанда, есті мақалы келеді Â «өзіңе-өзің мықты бол, қонысыңды ұры тұтпа».

Түркістандағы түрік қауымдарының тілдерін татар жолдастармыз келе салып, екі күн өтіп, үшінші күні өзінікі қылып билеп, алып кете бергісі келетінін біз білеміз. Һәм іс жүзінде көріп те жүрміз. Бірақ  берсе  алып, бермесе  біреудің тіліне таласпай-ақ қоя-қойу лайықты. Қазаннан келгеніне әлі 6 ай толмаған, татар жігіттері  «саф татар тілінде» өзбекше газет журналдар  шығарып жатыр. Некен-саяқ ескі жадитшілер болмаса, өзбек қара бұқарасы түсінбейтініне күмәніміз жоқ, болса да, біз білмей жүрумізде мүмкін деп біз үндемей-ақ отырмыз ғой. Өлдім-талдым дегенде  бүкіл Түркістан қазақ-қырғызының  қара бұқарасына жолбасшы боламын деп заман жайын, Кеңестер жолын, ортақшылық мақсатын түсіндіру қамында, қазақ тілінде бір газет шыға қалғанда, түсінбегендігін мойнына алмастан, әр сөзіне бір жармасу ұят, һәм заманға лайықсыз, отаршылық мінездің бір түрі.

Ғалижан әпендінің  өз басын жақсы білгендіктен, ол жолдасты жаман ойлының бірі деп санау ойымызда жоқ. Бірақ, біздің газетіміз шыққалы бері Түркістанға келіп жүрген Күнбатыс түріктері жолдастарымыз. Бұл газеттің атын «Ақ жол» қоймай, «ашық жол», «қызыл жол», «біздің жол», тағы басқа түрлі қою керек деп әуре етіп, ығыр қылуға жақындады. Екі желеу, бір сылтау қылып, кезі келіп қалған соң Ғалижан әпендінің хаты тұсында барлығына бір жолдап отырмыз.

Тағы айтармыз, қазақ тілін жөндеп білмеген жолдастар, газетіміздің өзін сара жолын бағытын бағаласын. Әр сөзін өз алдына тұқымын құрта тексеремін деп қала өлшеміне сыймайтын дала қазағының тілінің сөздерін тексеріп, ұшығына шыға алмай «Айға шауып, мерт болып жүрмесін».

С.Қожанов.

"Ақ жол" кітабының 1 данасы - 1100 теңге.

"Ақ жол" кітабын ОҚО саяси қуғын-сүргін музейінен сатып алаласыз.


"Ақ жолға" - Ақ жол

"Ақ жол" газеті 1920-жылдың 7-декабрьінен бастап 1926 жыл көлемінде Түркістан республикасының кіндік басқарма комитеті һәм ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан Ташкентте жеті сайын үш мәрте үзбей шығып тұрды. Түркістан республикасының Қазақстанға қосылған соңғы 1925 жылы 19 июнь 577-санынан бастап Сырдария атқару және партия комитетінің атынан Шымкент қаласында шығып келген. Алайда кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймаған алаш ардақтыларының көсемсөзі кейінгі ұрпақ санасынан әдейі өшірілді. Жазуымыз төте араб әліпбиінен латынға, іле-шала кириллицаға көшірілді. Халқымыз өткен тарихынан еріксіз көз жазып қалды.

Алаш ардақтыларының аманат сөзін мойнымдағы парызымдай көріп, 2008 жылдың соңына қарай Ташкент мұрағатынан "Шолпан" (1922-1923) журналымен қатар "Ақ жол" газетінің ондағы бар сандарын алып келдім. Онымен қоса аталмыш газетті араб әліпбиінен кириллицаға аудару үстінде Мәскеудің Химкиіндегі Ресей мемлекеттік кітапханасының бөлімшесімен, Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи кітапханасымен және Алматыдағы ұлттық, орталық ғылыми кітапханалармен "Мұрағат ісі және құжаттау жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат" орталығымен тығыз байланыста болдық. Соның нәтижесінде ұзын саны 613 нөмірдің ізін таптық.

Бір ғасыр бойы мұрағат шаңына көміліп, сарғайып жатқан "Ақ жолды" парақтап отырып бүгінде сол өзекжарды бірқатар мәселелердің әлі күнге маңызын жоймағанын аңғаруға болады. Мәселен, соның бірі болып отырған тіл мәселесі осыдан 91 жыл бұрын көтерілген жайдың жалғасы екенін оқығаныңызда жағаңызды ұстамасқа амалыңыз қалмайды.

Әр парақты ашқан сайын түрлі бүркеншік атпен жазылған Алаш зиялыларының, ұлттың рухани көсемдерінің қолтаңбасымен қауышасыз. "Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам" дейтін жауынгер сезіи иелерінің жан айқайымен, бүгінде өз құнын жоймаған, қадірін жоғалтпаған ойлармен бөлісіп, өткен ғасырдың басындағы Алаш тарихынның кейбір ақтаңдақ тұстарымен танысасыз.

Өткен жүз жылдықтың алғашқы жартысындағы ұлт тәуелсіздігінің ірге тасын қалаған Алаш зиялыларының аманат сөзі енді өз қолдарыңызда.

"Қарағай басын шортан шалған" қилы ғасырдың толғағында туған жанкешті тұлғаларымыздың осынау бір еңбегінен өз іздегеніңізді тауып жатсаңыз біздің де айналайын Алаш жұртының алдындағы бір парызымыздың өтелгені деп білеміз.

Алғашқы 300-дей нөмірі он томдық кітап болып 2011 жылы баспадан шықты. Газеттің өзге нөмірлерін де жинақтап, кириллицаға көшіріп, жарыққа шығару ойымызда бар.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси

қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры, ақын.

"Парасат" орденінің иегері.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.

12_500x289


Қазақ-қырғыз ата-тегі туралы
Біз бүгін "Шолпан" журналында жарияланған Міржақып Дулатұлының "Тарихи мағлұматтар" атты танымдық материалын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған бұл еңбектің қарапайым оқырманға да, ұлт тарихын зерттеушілерге де қызықты екені анық. Алаш қайраткерлерінің бұдан басқа да құнды дүниелерін журналдан көптеп табуға болады. "Шолпан" журналының орыс кириллицасына көшірілген кітабы жарыққа шықты. Оны облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінен сатып алуға болады. Қазақ-қырғыздың тарихын жазуға кіріскенде, «қазақ», «қырғыз», «алаш», «үш жүз» деген аттар қайдан шыққан, қазақ пен қырғыздың тегі кім, бұлар қашаннан бері өз алдына жұрт болған – біліміміз жеткенше алдымен шешетін жұмбақтың бірі осы. Біз бұл туралы тапқан-таянғанымызды оқушылардың алдына салып, кітап басылмастан бұрын білгіштердің сынынан өткізіп алуды лайық көрдік. Қара халықтың ұғымынша «атамыз Адам пайғамбар» деп бәрі де жаттап алған құрғақ шежірені саулата берумен қазақ пен қырғыздың тегін еріксіз «пәлен әулие, түген сахабаға» апарып телумен нағыз тарих шықпайтынын оқымысты, білімді азаматтарға аян. Тарих кітабы ғылым, білім арқасында ғана дұрыс. Иә, орасан қатесіз шығуға мүмкін. Бұл күнге шейін қазақ-қырғыз тарихы туралы толық мағлұматтар кемдіктен қазақ-қырғыздың өз арасынан шыққан зерттеушілер ерте күннен болмағандықтан соңғы кезде тарихымызды жарыққа шығаруға талаптанған азаматтар әр ағаштың басын бір шалып, құрап-сұрап, өзге жұрттың жазғандарын тексеріп, қараңғыны қармалағандай болып жүр. Сөйткенмен, шын кіріссек, үздіксіз ізденсек, жоқты ойлап шығарғанмен, көмескіні ашуға барды табуға болар деп сенеміз. Сондықтан тарихи әдебиеттен болсын, халық аузында ертеден сақталып келген қисынды сөздерден болсын, төменгі біздің жазғанымыздың кемін толтырарлық, қатесін көрсетерлік білгендері бар қазақ-қырғыз азаматтары осы мақаланы оқығаннан кейін кешіктірмей жазуларын өтінеміз. І Қазақ-қырғыздың атын, тегін теріс ұғыну Қазақ-қырғыздың атын, тегін қандай жұрт екенін зерттеп, алдымен жаза бастаған – басқа жұрттың тарихшылары. Бірақ, олар әріден ескеріп, көптен жазып келе жатқан жоқ. Кейбіреулері кезі келгенде белгілі бір мақсұтпен жазған. Бір парасы ғылымға әуестікпен, шынымен зерттеген. Бұлардың бәрі де өте кеш кірісіп, бергі екі-үш ғасырлық дәуірлерді ғана болмаса қазақ-қырғыздың арғы кездегі атын, тегін, өткен өмірін жақсы біле алмай, әлі күнге шейін жорамалдап келеді. Қазақ жайын білуге еуропалықтар, айрықша орыс білімпаздары XVIII ғасырдың ортасынан, яғни 1730 жылдары Әбілқайыр хан тұсында Кіші жүз орысқа қарағаннан бері ғана кірісе бастаған. XVIII ғасырдың орта кезінде қазақ жайынан жазған Г.Ф.Миллер, П.С.Паллас, И.Г.Георгий, Н.П.Рычков, Ф.Б.Фишер дегендердің кітаптары шыққан. Бұлар қазақ-қырғыз жайын жете біліп, зерттеді деуге болмайды. Біреулері қазақ пен қырғызды екі түрлі жұрт деп, біреулері бір тұқымнан деп бұл екі пікірдегілерің екі жағы да қазақ пен қырғыздың иә тектестігін, иә басқалығын сипаттай алмаған. XIX ғасырдың басында қазақ-қырғыз жайын зерттеген Г.Ю.Клапрот, К.Риттер секілді білімпаздардың да мағлұматтары өте ұшқары, орасан қате болғандығы көрінеді. Мәселен, Клапрот қазақтығында талас жоқ найманды бұрыңғы Обь, Енисей өзендері бойындағы қырғыз түұымы дейді. Риттер түркі нәсілінен екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Қазақ пен қырғызды индо-герман затынан болуға тиіс. Енисейге ауып келіп, көп жұртпен қаны араласып, «түркі» болып кетсе керек деп жориды. Өстіп, қазақтың, қырғыздың тегін әркім әр түрлі жорып, бірінің адасқан ізін бірі басып, көрінеу жалған, болымсыз дәлелдер көрсетумен келген. Қазақ жайын өзгелерден гөрі жете зерттеген: А.И.Левшин. мұның кітабы 1832 жылы басылып шыққан. Бұл күнге аты, тегі һәм қашаннан бері тарих жүзінде белгілі жұрт болғаны туралы бұрынды-соңғы тарихи мағлұматтармен таныса келе, біз төменгі қорытындыға келдік. Қазақ пен қырғызды бөтен жұрттар бұл күнге шейін дұрыс атамайды. Мәселен, орыс халқы қазақты «киргиз-кайсак» деп бір сөз орнында айтады. Қырғыздың өзін де жоғарыда айтқандай «киргиз-кайсак» деп, кейде «тағы қырғыз», «қара қырғыз» дейді. Қырғызды қытайлар юрут дейді. Дұрысында қазақ пен қырғыз еш уақытта өздерін жоғарыда айтқандай бөтен жұрттар таққан атпен атаған емес. Қазақ өзін қашаннан «қазақ» деп, қырғыз өзін «қырғыз» деп келеді. Қырғыз бен қазақ арғы тегі бір болғанмен, екі атаның баласы, бір-біріне туыс, жақын, түркінің екі руы екені мәлім. Орыстардың «қазақ», «кайсак», қытайлардың «хасах» деп жүргендері – «қазақ» деген сөзді бұзғаны. Қайсы бір күншығыс жазушылары, қазақ Айсадан бұрын өз алдына жұрт болған деулері қаншалық дәлелді екендігін сипаттау қиын болса да, «қазақ» аты қазақтың өз алдына жұрт болғаннан бері өзгерілмей келе жатқандығы, еш уақытта қазақ өзін өзге атпен атап көрмегендігі анық. Қазақтың «қазақ» аты Парсы, Бұхар, Хиуа һәм өзге Азия жұрттарының көбіне мәлім. Ерте заманда қазақпен аралас болған ескі жұрттардың бірі қытайлар да қазақты «хасах» деп айтатындғы жоғарыда айтылды. І Қырғыздың аты, тегі һәм қашаннан бері жұрт болғаны туралы Қырғыздың арғы тегі түркі тарихының ертедегі бұлдыр кездеріне барып жоғалады. Мұны 200 жыл шамасы бұрын түркі шежіресін жазған атақты Әбілғазы Баһадүр ханның айтуынша, Оғыз хан немерелерінің бірінің аты Қырғыз екен. Сондықтан осы күгі қырғыз елі соның тұқымы дейді. Бірақ, қырғыздар арғы замандарда әр жұрттан шабыншылық, қырғыншылық көп көріп, тұқымы азайып қалған дейді. Оғыз ханның заманы Айсадан екі-үш ғасыр әрмен жатыр. Әбілғазының қырғызды Оғыз ханнан таралуы тарихи дәлелдермен бекітілмеген болса да, әйтеуір, қырғыз Азияны мекен еткен жұрттардың арыдағы бір тарауы екені анық.


Четверг 11 Февраля 2016

Музей қонақтары
mRMZcaPuqxARsT6_7xlmlQ
Бүгін, 11.02.2016 жылы ОҚО саяси қуғын сүргін құрбандары музейіне М.Әуезов атындағы университетінің "Аграрлық технология және энергетика" жоғары мектебінің бір топ студенттері музейге экспонаттарымен танысты.

Страница 4 из 20
«ПерваяПредыдущая12345678910СледующаяПоследняя»

Календарь публикаций

<Сентябрь 2020>
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930    

Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация