Алаштың бір ардағы

(Сұлтанбек Қожановтың туылғанына 120 жыл)

Sultanbek_Kojanov19 ғасырдың басындағы, ұлт тәуелсіздігінің ірге тасын қалаған Алаш орда тарихында, осы кезге дейін ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар да, тұлғалар да аз емес. Өзінің тарихи бағасын әлі де болса ала алмай келе жатқан осындай тұлғалардың бірі – Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шыққаны белгілі. Жалпы, сырт көзге Сұлтанбекті тануға қатысты біршама жұмыстар да атқарылған сыңайлы. Әйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеп, зерделеуде кенжелік, соңын күткен кібіртіктеу байқалады.

Сұлтанбек өмірінің тереңіне үңілсек, Алаш үшін шыбын жанын шүберекке түйген қайраткер тұлғаның тарих қойнауында сайрап жатқан өзіндік соқпағына, соқтықпалы-соқпасыз тағдырына куә боламыз.

С. Қожанұлы Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастады. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ. Қожықов, Қ. Болғанбаев, С. Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 ж. қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Шиелі, Жаңақорған, Қазалы өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919-1920 жылы Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару комитетінің, Сырдария облыстық революциялық кенттің төрағасы болды.

1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Түркістан ісі бойынша құрған комиссиясы – Түрік комиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті.

Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды.

Бұл туралы: Елбасымыз Н. Назарбаев: «С. Қожанов жоғары мәдениетті тұлға еді, Түркістанда ішкі істер, ағарту жер істері наркоматтарын басқарды, «Ақ жол» газетінің алғашқы бас редакторы болды, қазақ халқының ұлттық санасын көтеруде көп жұмыстар атқарды, ұлт мәдениетін алға сүйреп, ғалымдардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің тірегі бола білді» деп әділ баға берді.

С. Қожанұлының «Ақ жол» газетіндегі басылым көрген мақалалармен әдеби публицистикалық дүниелерінен-ақ оның азаматтық көзқарасы айқын көрінеді.

«Ақ жол» бетінде Жетісудағы жер реформасы, «Қосшы» ұйымдарын нығайту, орыс қара шекпендерінің зорлығы, Қазақ-қырғызды оқу ағарту және саяси жақтан сауаттандыру, 1921 жылғы ашаршылық кезеңінде Қазақстанмен Түркістандағы қазақтардың жайынан көптеген мәселелер көтерді. 1921 жылғы «Ақ жол» газетінің біраз сандарынан түскен ақшаны аштар пайдасына арнады. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным алаш» кітабында «Сұлтанбек Қожанов бастаған ұлт зиялылары «Ақ жол» газеті арқылы ашыққан елге көмек ретінде, үш жүзге сауын айтты» деп көрсетеді.

Сондай-ақ, Орта Азияны жер шекарасына қарап бөлу, Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араласты. Бұл туралы «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 460-480 сандарында ашық көрініс тапты.

Сұлтанбек Қожанов, Сұмағұл Сәдуақасов сынды біртуар ұлдары шын мәніндегі дербес Қазақ Республикасын құруды жақтады. Түркістан мен Қазақстан Республикасының ішкі мүмкіншіліктерін сан қырынан Талдап, таразылаған мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов астананы Орынбордан қазақтың қалың ортасына көшіруді қолдады. Себебі, «мемлекет астанасының жұртшылығына сүйеніп істемесе, бас үкіметтің ісі оңбайды» деп түйіндеді. Бұл жайында баспасөз беттерінде мәселе көтерді. Жаңа Астана туралы ойларын Сұлтанбек Қожанов 1924 жылы «Ақ жол» газетінде жариялаған «кешіктірмей келісу керек», «іс жүзінде орындау керек», «Қазақтың кіндігі қай қала болсын» және тағыда басқа мақалаларында бүкпесіз білдірді. Әсіресе, ұлттық территориялық тұтастығы қалыптасқан қазақ мемлекетінің астанасын таңдау туралы С. Қожанов 1924 жылы 17 желтоқсанында «Ақ жол» газетінде жарияланған мақаласында: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жақын болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекет шілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деп тұжырым жасайды.

Өзі ұйымдастырған «Ақ жол» газетінде әдеби хатшы болған Міржақып Дулатов ұстанымымен қатар өрілетін өткір бас мақалалар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, Мағжан өлеңдері, Халел Досмұхаммедов, Ғазымбек Бірімжанов, Қошке Кемеңгеров бастаған ұлт серкелерімен тізе қоса еңбек етуі де көп сырдың ұшығын аңғартқандай. Қожанов ұйыстырған «Ақ жол» газеті өз кезегінде жоғары да аты аталған тұлғаларды бір жерге топтастыра білді. Осы жылдары С. Қожановтың көмегімен, алғы сөзімен Мағжан ақынның өлеңдер жинағы жарық көрді. М. Әуезовтың, А. Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойына арналған құнды мақаласы да осы «Ақ жол» жүзінде жарық көруі соның бір айғағы.

Өзі өмір сүріп отырған заманның жайын тамыршыдай тап басып айтып отыру да Сұлтанбекке тән бір қасиет. «Бірлік керек, бірігуге жол керек» (Ақ жол № 234, 1992 жыл) атты мақаласы бұл ойымызға айқын дәлел болады: «Әзіргі басымыздан кешіп тұрған дәуірдің тарихи мәнісі зор. Өзгеріс ағымынан жаңа арнаға түсіп, жаңа сырлар пайда болып, неше түрлі тосын жаңалықтар душарласайын деп отыр. Жаңа шаруа саясаты, бас қамы таласы, сауда-саттық һәм басқа заманымыздың қулық-сұмдықтары тіршілікке тамырын таратып, өзгеріс ағымын мемлекет билеуін өз керегінше жүргізбекші. Бұл дәуір әркімнің, әр таптың, әр топтың босанып, еркім өзіме тиді деп алжасып, анархияға көңілі айнып, есебін тапса, билікке де алынып кетудің қамында бола бастаған дәуірі...».

Сұлтанбек туралы М. Шоқай большевиктер партиясы қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән азаматтық, отаншылдық биігінен төмендемеген қандастарына ризалық сезімін білдіреді. Ол «Смағүл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ, олар, өткен тәжірибелері көрсетіп отырғандай, Кеңес үкіметін тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз» деген еді. Сұлтанбек осы сенімнен шыға алды.

Ғалымбек Елубай
ОҚО саяси қуғын-сүргін
Құрбандары мұражайының аға ғылыми қызметкері


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация