Алаш темір жолының атасы

(Мұхамеджан Тынышпаевқа 135 жыл)

Muhamedjan_TynyshpaevТарихтың қатпар-қатпар қойнауына үңіле қарасақ, елінің ертеңі, ұлтының болашағы, ұрпағының қамы үшін қасық қана қалғанша, аянбай күрескен асыл рухты батыр бабаларымыз еріксіз еске түседі.

Арыға бармай-ақ, осыдан бұрынғы бір ғасырдың арғы жақ, бергі жағындағы оқиғалар тізбегі, әсіресе, адам шошырлық ашаршылық пен саяси құғын-сүргінге ұшырап, қаза тапқан Алаш ардақтыларының көшірмелері мен тас түрмедегі жан төзгісіз жәйттерді ойласаң сай сүйегің сырқырайды.

Өткен ғасырдың басында қазақ даласында мемлекетшілік ұраны оянды. Сан ғасырға жалғасқан отаршылдық бұғаудан босанудың қам-қарекеттері басталды. Осы баянды істің басында қазақ оқығандары тұрды. Олардың басы Ресейдің байырғы отарлау саясатын ұстанған коммунистермен «бір қазанға» сыйған жоқ.

«Халық жауы» деген қара күйе жағылып, қуғын-сүргін көрген ардақты алаш ұрпақтарының барлығының басына төнген қара бұлт, кешкен тағдыры, өз алдына үлкен еңбектің жүгі. Ұлт тәуелсіздігінің басында тұрған үлкен тағдырлы ұлы тұлғаның бірегейі Мұхамеджан Тынышпаев еді.

Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышпаев 1979 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Алматы облысы Қабанбай ауданында) туылған. Мұхамеджан Тынышпаевтың тағдыр-талайы білім мен ағартуға, ұлттық тендік пен өркениетке ұмтылған қазақ халқының тағдырымен бір Мұхамеджан 1906 жылы император І Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтын бітірген.

Мұхамеджан 1905 жылы қазақ сынды шет ұлттарды билеуде өкіметтің әскери тәртіптен арылып, азаматтық жолға түсуін ұсынған дәлелді хатын министрлер комитетінің төрағасына жолдаған. Сондай-ақ, сол жылы қарашада автономияшылдардың бірінші сезіне қатысып жасаған «Қазақтар жас азаттық қозғалысы» атты баяндамасында М. Тынышпаев былай дейді: «Үкіметтің нені көздегені белгілі: біріншіден, жабайы да тағылық репрессияларымен және тіл, салт-сана, дін һәм руханият атаулыны орыстандырмақ; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралармен, әкімдермен, ережелермен қазақты құқықсыз, заңнан тыс етпек; үшіншіден, оларды қаны сіңген, сүйегі көмілген, өз жерінен айырып, шөл-шөлейт жерге қуып, өлім құшағына тапсырмақ. Міне, қазақ бұрынғы дербестігі мен еркіндігінің орнына, орыс бодандығына қантөгіссіз кіргендігінің ақысына жалғанды». Деп ашық айтты. Қайраткер ұстанымы анық көрінетін тағы бір еңбегі – «Қазақтың қазіргі жағдайы мен өмірге қажетті сұранымының жалпы сипаттамасы» деп аталады. Мақалада автор халқының ауыр жағдайға тап болу себебін және одан құтылудың жөн-жобасын ұсынады. Осындай ашық пікірінен соң, патша тыңшылары Мұхамеджанның артынан анду қояды.

Мұхамеджан ХХ ғасырдың 10 жылдары Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газеті төңірегіндегілермен де тығыз байланыста болады. Аталған газетте публицистің «Соғысушы патшалар әскері», «Сүңгуір қайық», «Темір жол һәм Еуропа соғысы», «Соғыс кемелері һәм мина», «Барлыбек Сыртанов», «Сәдуақас Шалымбеков» т.б. мақалалары жарық көреді.

М. Тынышпаевтың саясат сахнасында аса күрескерлік танытқан уақыты – 1916-1917 жылдар. 1916 жыл оқиғасы тұсында ол «Қазақ» тобында болды. Сол себепті де кетуге мәжбүр болған қандастарын елге қайтару жұмысының жуан ортасында жүрді. Мұхамеджан анықтаған мына дерек кісіні селт еткізбей қоймайды: Жетісуға қатысты 44 болыс елде 47 мың түтін болған, соның 40 мың 250 түтіні қашып-босқан, ал өлген адамның саны 95200. Бұл да алапат қырғын еді.

Мұхамеджан Тынышпаев қазақтан шыққан тұңғыш техника маманы. Ол Түркістан мен Сібірді жалғайтын темір жол салуды жолға қою арқылы қазақ халқының өресі биік екендігін бір қырынан аңғартты.

Жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық Комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» әрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М. Тынышпаевті «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тәжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «Тынышпаевшыл» Ф. Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М. Тынышпаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір составқа «біреуі алдынан тартып, екеуі – артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орынына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек; Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М. Тынышпаев – Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге әрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті. Оған не амал табылсын. Бұл жобаға қарсы шыққандардың:

– «Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар», – деген сәуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сәуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді. Ең өкініштісі сол, жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нәтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышпаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені «Алашорда» көсемінің кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жататын. Сөйтіп, жоғарыдағы жоба кезінде «халық жауының қастандық әрекеті» ретінде бағаланды.

Ұлтшыл тұлға 1905 жылы Мемлекеттік Думаның мінберінен: «Қазақтар орыстардың қол астына кіргеннен бері бірде-бір шуақты жарық күн, бақытты сәт болған емес» деп өзі айтқанындай-ақ осы бақытсыздық Алаш темір жолының қара нары, қарымды қалам және қоғам қайраткерінің өз басына да түсер сәті таяу тұрған еді.

Академик Н.И. Вавиловтың сөзімен айтқанда: «осынау өлкенің білгірі, және оны мекендейтін жеке ұлттардың тарихын жете білуші» М. Тынышпаев 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.

1937 жылы елге оралып, көп ұзамай қайта тұтқындалып, репрессияның тұзағына ілінеді.

Ғалым Қасымхан
ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары
мұражайының аудармашысы


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация