Елден

Шошқа салығы

Екі-үш күн болды. Шымкент үйезінің кіндік комитетінің мүшесі «№»-ден келген телеграммаға  қарасақ мынадай сөз жазылған: Шымкент үйезінің азық-түлік комитетінің бастығы жолдас Кривошапов айт салығын бөлгенде, Шымкент қазақ болыстарына 300 пұттан артық шошқаның етін салған. Тым болмаса өздерінде шошқа болмаса, орыстардан алсаңдар да тауып беріңдер демейді. Тек соңғы бұйрығында ғана «шошқаларың болмаса (!), оның орнына қой етімен берсеңдер де болады» деген.

Мұнан екі-үш жеті ілгері ишан базары деген жерден Шымкенттің кедей жігіті «М» өзінің туысқанына қосып қойған жалғыз қойын керегіне жаратайын деп алып келе жатса, жолда азық-түлік комитетінің отрядынан біреу кез келіп әлгі кедейдің жалғыз қойын ұстап «сен саудагерсің, спекулянтсың» мұны қазынаға алу керек деп «М» сорлыны сорлатып қойын комитетке тапсырған. «М» бір қойдың атынан екі жеті санды алып жүріп комиссардан өзінің «спекулянт» еместігіне куәлік тапсырып арыз беріп әрең дегенде уездный исполкомнан азық-түлік комитетіне қағаз алады. Мынаның қойын тез қайрат дегізіп. Азық-түлік комитетінің бастығы жоғарғы Қривошапов жолдас «мұндай жұмысты қарайтын Любинцов жолдас соған бар» деп Любинцовқа сілтейді.

Любинцов жолдасты Шымкент үйезінде білмейтін адам жоқ. Ақ-мешіт үйезі халқын қан жылатқан Гиржовты қандай білсе Шымкент үйезі Любинцовты да сондай біледі.

Қой иесі «Любинцовқа барасын» деген соң ақ «құдайдың оңдағанын» біледі. Сөйтседе барады. Любинцов жолдас болмашы жұмыспен мазасын алғанына қабығын шытып, қағазды оқиды да шетіне үкімін жазады: «бұл қой иесіне қайтарылмасын, келешекте қазақ болыстарынан алынатын салық есебіне кірсін» деп, «М» жалғыз қойынан айырылып салу суға кетіп қайқайып шыға береді.

Азық-түлік комитеті қазақтан шошқа жинасын, кедейдің жалғыз қойын алсын деген жарлықты кеңес үкіметінің қызметінде жүріп бұл күнге шейін естігенім жоқ не деген масқаралық, не деген әділетсіздік мұндай істі тиісті мекемелер, комиссарлар тексеріп Кривошапов, Любинцовтардан елді құтқармасы өзі надан қазақ-қырғыз еңбекшілері тез арада кеңес үкіметінің жолына түсіне қоймаса керек.

Есенғали

Басқарма – қазақтың қойымен бірге шошқа бақпайтыны, соғымына шошқа соймайтыны қазақ жұмыстарының басында отырған қисық бөрік балаларына әлі күнге шейін мәлім болмаса болмағаны. Бірақ азық-түлік комитетінде отырған ортақшыл қазақ жолдастар сендерге жол болсын әлде Шымкент үйезінің қазақтары асырауы жеңіл, пішен тілемейтін аузына не түссе соны қорек етіп жүре беретін, қысқа төзімді жақсы жануар деп шошқаны малдануға айналды ма. Не қылсаңдар қайырлы болсын. Бұрын қазақ халқы төрт түлікке саймыз деп масайраушы еді. Енді бесінші түлік тауып:

Қазақ-қырғыз бай халық,
Бес түлікке сай халық.
Шымкент елі болмаса,
Шошқа баққан қай халық...

деп өлеңдетіп жүруіне жүдә жақсы болған екен де.

«Ақ жол» № 6
24-ші декабрь жұма 1921-ші жыл


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация