Әйел теңдігі

Ескі үкімет біздің қазақ-қырғызды жүгенсіз мініп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылса да, үкімет жаласынан аулақ – өзіміздің сүйекке сіңген ескілікті әдет-ғұрыбымыздан болған үлкен кемшіліктеріміз толып жатыр. Солардың бірі, әйелді кемдікте ұстау.

Қазақ-қырғыздың әйелге көзқарасы белгілі. Бірақ жалпы жұрт, үмітім теріс екен ау деп, бұл күнге шейін мойындап отырған жоқ. Әйел теңдігін іске асырамыз деген соң, бұл туралы халықтың теріс назарын өзіне баяндап өту қажет деп білеміз.

Қазақ әйелді мал есебінде көруінде шек жоқ. Мәселен қызды қазақ бала демейді. Біреудің үш қызы, бір ұлы болса, пәленшенің баласы нешеу деп сұраған кісіге, «біреу» деп жауап береді. Үш қызды айтпайды. Біреудің он қызы болып, бір ұлы болмаса «пәленшенің баласы жоқ, қу бас дейді». Он қыз – бала емес.

Біреудің қатыны босанса, не тауыпты деп сұрайды. Сонда, білгісі келетіні: «бала мекен, мал мекен?» – қыз тапқан болса, «қырық жеті» деген жауап алады.

Қазаққа біреу қызынды оқыт десе, қызым молда болмай-ақ қойсын, байтал шауып, бәйге алмас дейді.

Қызы өлген қазақтың, балам өлді деп қайғырғаны сирек болады. Күйеуге беріп қойған болса, қалың малы қайтыс болды, бермеген болса қалың мал ала алмау жағынан ғана малы шығындаған есебінде уайым қылады. Ұлы өлсе азалы болып, жұрт көңіл айтып, қамкөңілді болып қалады.

Қызын берген жері кедей болсаңда, қолынан келсе, бір қарасы қалғанша алудан қазақ тайынбайды: ертең өз балам баратын үйі ғой, жақсы тұрсын, мұқтаждық көрмесін дегенді ойлайтын қазақ мыңнан біреу-ақ табылады уәделі малынан кем берсе, дауласып, айтысып, мал үшін құдасымен араздасып, құдасымен араздасқан соң, қызымен де көріспей кететін. Соғылғандар көп болады.

Мал үшін қызын көрнеу кемге, өте жасқа, өте кәріге я тоқалдыққа беру екінің бірінде бар.

Байы өлген қатын әмеңгеріне тиюге міндетті. Қалындығы өлген күйеуге балдызын атастыру рәсім болып кеткен.

Мұның бәрі аздай, тумаған, тумақ түгіл жаң болып жаратылмаған қызына мал алып «бел құда» болушыларды қазақ арасында көріне бастады.

Әйелді кем ұстау жағы, тағыда толып жатыр. Бірақ, жұрттың әйелге көз-қарасын көрсету үшін осы айтқандарымыз жетсе керек. Қазақ арасында бірлі-жарым көзі ашық оқығандарды шығарып тастағанда, қызынан – шырағым мынаны қалай көресің деп ризалығын сұрайтын емге бір адам табу қиын.

Халықтың түсінігі осылай болған соң, әйел біреудің анасы, біреудің баласы, біреудің апасы, біреудің қарындасы екенінде жұмыс жоқ. Әйелдің бұл күнге шейін қорлықта, күңдікте өмір сүргенінің себебі осыдан.

Қазақ-қырғызды алты миллион халық десек, үш миллион күңнің тәрбиесі қандай демек керек, жауап қысқа: күнде де тәрбие болама? Тәрбие болса, күң болама?

Бүкіл, халықтың тәрбиесі әйелдің қолында. Әйел халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Күңнен ер көңілді, ақ пейілді азамат қалай турар? Күңнен құл тумақшы емес пе?

Қазақ-қырғыз әйелде теңдік, адамгершілік, сүйіспеншілік, болмаған соң ол кімді жақсылап тәрбиелесін. Қазақ әйелі намысын сақтауды білеме? Табиғат заңы жағынан қарағанда мүмкінбе? Әйелдің көзімен қарасақ, әйелді айыптай аламыз ба?

Қазақ қызының «оң жақта ойнап күліп қалайық» дейтіні неліктен? Оң жақта көрнеу ойнап күлсе, кәріге, қатын үстілікке, көңілі сүймеген адамына берген соң, не қылатыны өзгеге жұмбақ болғанымен, өзіне аян шығар. Бұған кім айыпты? Бұған қазақтың әдет-ғұрпы, бұл ғұрыпты қолданушы әйел айыпты емес пе?

Ар, намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұрама? Бұл, сипаттардың болуы үшін адам баласы азат тәрбиелі болуы керек емес пе?

Бұл, ақиқатты алдыңғы қатар зиялы азаматтар көптен аңғарып, халыққа үгіт-насихат айтып, газетке жазып, кітап шығарып жүрсе де көп наданға түсіндіре алмай, сүйекке сіңген дертті құрта алмай, жігері жасып жүруші еді. Енді мына бостандық заманында қолға тізгін тиіп өз алдына үкімет болған соң бұл туралы алаш азаматтары қам қылып, әйел теңдігін күңдіктен құтқарып, теңкөру үшін бір қолына закон күшін, екінші қолына түсіндіру құралын ұстап майданға шығып отыр. Закон күші дегеніміз, «Ақ Жол»-дың осы санда Қазақстан үкіметінің қалың малды қалдырған декрет низамы басылып отыр, қазақ-қырғыз халқының бір бөлімі қол астында болған Түркістан Республикасының үкіметінде бұл туралы жамандық қылмай, қазақ-қырғыз әйелінің теңгерілуіне қам қылып низам шығарар, ағарту шарасын көздеп, іске кірісер деген үмітіміз зор.

Әйел мәселесіне келгенде Түркістанды мекен еткен халықтардың арасында бізден де сорақылары бар ол жағынан біз ақыл ете алмаймыз. Мұның, ләжін халқының жанына жетік үкіметтің өзі табар. Бірақ, қазақ-қырғыз әйелдері туралы закон жүргізу мүмкін екендігіне көзіміз жетеді.

Қалың-малды жоғалту туралы Қазақстан үкіметі низам шығарды, Түркістан үкіметі де шығарар дедік. Бірақ низам шыққан екен деп, қазақ әйелі оп-оңай теңеліп кетпейді. Қалың малды аз күнің ішінде жоғалып бітпейді. Өйткені, тұрмыс жолына қайшы келген законның өздігінен саулап жүріп кетуі оңай емес. Сондықтан, закон шықты жұмыс бітті деп отырмай, законның орындалуына күш жұмсау керек, бұл бір жылдық жұмыс емес, көп жылдарға созылатын, көп еңбек, көп жігер керек қылатын жұмыс.

Төңкерісшіл азаматтар! Ортақшыл жастар! Әйел теңдігін қорғау, әйел тәрбиесін қолға алу, бәріңе бірдей борыш, мұны ұмытпаңдар.

Қазақ-қырғыз әйелі! Мұнан былай біреу мал берген екен, ата-анам ренжіді екен деп сүймеген адамға барудан тоқтал! Қызғылықты өміріңді қайғы-қасіретке айырбастама! Азаттыққа өзің талпынсаң, сені еш кім зорлай алмайды, бұрынғыдай қара күш жеңе алмайды. Сенің енді қорғаушың бар, қорғаушың үкімет. «Риза емеспін» деген бір ауыз сөзді айтуға жарасаң болғаны, сүйгеніңе барасың өзің үндемесең, өзің күңдікке құмар болсаң, өз обалың өзіңе, күңдікке құлдыққа еш құмар болмасаң керек. Үндемесең, надандығыңнан, жамандығыңнан, жастығыңнан үндемейсің.

Көзі ашық, оқымысты әйелдер! Қараңғы, надан, малға сатылып жүрген бейшара апа сіңлілеріңді қорғау, көзін ашу, ояту өзгелерден де артығырақ сендерге міндет.

«Ақ жол»-дың осы санынан бастап «әйел теңдігі» деген айрықша бөлім ашылады. Мұнан былай жарияланған низамға қарсы қалың-мал алу адамды сүймеген адамына еріксіз беру яки өжет әйелдер ескі әдетке бойысынбай, сүйгеніне кету секілді оқиғалар болса ғибрат үшін, атын атап, түсін түстеп жазып тұрушыларға газет беті ашық. Бірақ, «газетке атын шығарғысы келіп», жалған хабар жазушылар жауапты болады, сотқа тартылады.

Руссияда төңкеріліс болғанына үш жыл өтіп, төртіншіге аялдаса да, қазақ-қырғыз әйеліне теңдік күні туған жоқ еді. Қазақстан үкіметінің бүгінгі низамын қуанышпен қарсы аламыз. Бұл, низам қағаз жүзінде қалмай ескі ғұрыпты жеңіп, әйел теңдігін шын мағынасында іске асыруына тілектеспіз.

Бітсін күңдік!
Көркейсін әйел теңдігі!
Азамат

«Ақ жол» № 16, сәрсенбі
19 январь 1921 жыл


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация