Алаштың жаралы жанын емдеген

(Асылбек Сейітов 120 жаста)

Asylbek_Seitov

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ халқының тарихындағы ең қасыретті кезең болды. Тоталитарлық жүйенің қайғы-қасіреті Кеңес құрамында болған қазақ елін де айналып өтпеді. Яғни, Сталиндік террор, Голощекиндік геноцид Алаш ардақтыларына қарсы бағытталған қуғын-сүргін саясатының басталған кезеңі болды. Алдымен бай, кулактарды кәмпескелеу, күштеп ұжымдастыру, қолдан жасалған ашаршылықтан миллиондаған адам көз жұмса, ал саяси қудалаудан мыңдаған азамат «Халық жауы» деп атылып кете барды. 1937-38 жылдардағы репрессия елдің маңдай алды тұлғаларын, басшыларын, зиялы қауым өкілдерін жапырып өтті.

Осындай Алаш қайраткерлерінің бірі – Сейітов Асылбек Жұманұлы еді. Ол Омбы қаласының Батыс Сібір генерал-губернаторы канцеляриясында тілмаштық қызмет атқарған Жұман Сейітовтың отбасында 1894 жылдың 22 қаңтарында дүниеге келді. Сол кездегі қазақ балаларының қолы жете бермейтін үш сатылы білім алды. Алғашқы сауатын шіркеу жанындағы мектептен (приходская школа) бастап, Омбының классикалық ерлер гимназиясын бітіреді. Кейін 1911 жылы Ресейдің Томбы медициналық универститетіне түседі.

Сейітовтың қайраткерлігі студенттік жылдарынан-ақ байқала бастайды. 1914 жылы «Қазақ» газетінде Ресей оқу орындарында білім алып жатқан жастарға көмек көрсету мақсатында қоғамдық қор құру мәселесіне қатысып «Оқушыларға жәрдем жәмиғаты» мақаласын жариялайды. А. Сейітов қазақ жастарының арасында оқу-білім игеруге талпынушылардың көбейіп келе жатқандығын айта отырып, мұның елдің болашағы үшін маңызы зор екенін және қоғамдық қордың шәкірт жастарға тигізер пайдасын арттыру жолында маңыздылығын атап өтті. 1916 жылы Ә. Бөкейхановпен кездесіп, Алаш партиясының мүшелігіне өтті. Сол жылы университетті бітіріп, бүкіл Ресейлік санақтың Далалық өлкеде жүргізген науқанына қатысады. Аталмыш науқанда ақын, қоғам қайраткері С. Сейфуллинмен бірге Ақмола уезінде жұмыс жасайды.

1916 жылы 25 июньде патша жарлығынан кейін басталған толқулардың себебінен халық санағын жүргізу науқаны тоқтатылып, А. Сейітов Ақмола облысының қазақ комитетін құру жұмысына араласып, комитет төрағасының орынбасары болады. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Бірінші жалпы қазақтық сиезіне Ақмола облысынан делегат болып қатысады. Сол жылдың күз айында Алаш партиясының ұсынуымен Ақмола облысының атынан «Учредительное собраниеге» депутат болып сайланады.

Омбыда білім алып, қызмет еткен қазақ оқығандарымен тығыз байланыста болады. Асылбек өзінің бауыры Мұсылманбекпен жастар ұйымдарында қажырлы жұмыстар атқарып 1918 жылы Омбыда «Алаш» партиясына тілеулес «Бірлік» атты жастар ұйымын құрады. Кейіннен Омбыда, одан кейін Баянауылда дәрігер, аудандық аурухананың басшысы қызметіне дейін көтеріледі. 1922 жылы Семей қаласына губернияның денсаулық бөлімін басқаруға жібереді. Бұл қызметті 1937 жылға дейін басқарады. Бұл жылдары тубуркулез дертін емдейтін «Березовка», «Ауыл» шипажайларын ашады. Денсаулық саласының білгір ұйымдастырушысы ретінде ол Орынборда өткен дәрігерлердің бірінші сиезіне делегат болып қатысады. Басшылық қызметпен қатар газет-журналдарға медицина тақырыбында мақалаларын жариялап отырды. Денсаулық саласын сипаттай отырып, балалар өлімін азайту үшін атқарылатын жұмыстардың негізгі түрлерін белгілеп берді. Біріншіден, жұқпалы дерттердің халық арасына таралып кетпеуіне қам істеу керектігін, жас балаларды дұрыс тәрбиелеу турасында тәрбие орындарын ашу керектігін атап өтсе, қазақ халқының танымына «микроб» деген ұғымды түсіндіруге ұмтылды. А. Сейітовтың терең білімін, талантын байқаған үкімет 1937 жылы А. Сейітовты Алматыға халық денсаулығы комиссариатының бөлім меңгерушісі қызметіне шақырады. Сол жылы оған Алматы қаласындағы темекі фабрикасының амбулаториясының негізінде №5 емхана ашу жүктеледі. 25 қарашада ол емхананы ашып, бірауыздан бас дәрігер болып сайланады. Бірақ өзі ұйымдастырған емхананы небәрі 5-ақ күн басқарып, 1937 жылдың желтоқсанында тұтқындалды. Көп ұзамай, оны хат алысу құқығынсыз 10 жылға соттайды. Ол тұста ол «ату жазасы» дегенді білдіретін. Қылмыстық сипаттамалар жоқ болғандықтан, 1956 жылы Асылбек Сейітов ақталды. Еліміз тәуелсіздікті алғаннан кейін Асылбек Сейітовтың есімі қайта оралып, қазіргі таңда Алматы қаласындағы №5 емхана А. Сейітовтың атымен аталады.

ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының
экскурсия жүргізушісі: А.Оспанова


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация