Тұрар Рысқұлов

(Тұрар Рысқұловтың туғанына 120-жыл)

Turar_Ryskulov

Жалпы, Т. Рысқұловтың Қазақстанда атқарған жұмыстары деген сұраққа толық жауап беру тек бір ғана тарихшының қолынан келмес еді. Өйткені, Т. Рысқұловтың бүкіл саналы ғұмыры мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі қазақ халқының болашағы жолына бағытталды. Оның тағдыры – қазақ халқының тарихымен еншілес. Сондықтан, Т.Рысқұловтың сан-салалы қызметі мен қажырлы қайтпас күресі, ұлтқа сіңген еңбегі көптеген тарихшылардың зерттеу еңбегіне жүк болып келеді. Біз тек қана, басқа тарихшылардың назарына іліне қоймаған кейбір мәселелерге тоқтала кетейік. Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1-2-кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған. Тұрардың тағдыры - ұлт тағдырымен астасып жатқан өзгеше трагедияға толы ғұмыр. Сондықтан да, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Тұрардың өз аузынан есіткен әңгімесін әдебиеттің шоқтығы биік шығармасына («Қараш-қараш оқиғасы») айналдырды.

Т. Рысқұловтың 200-ден аса еңбектері бар. Оның көбі әлі қолға түспеген, зерттелмеген. Жуырда «Киргизстан» (Қазақстан туралы) атты кітабына жазған қолжазбасы АҚШ-тан табылды. Алайда, мұхиттың арғы бетіндегі қолжазбаны қайтаруға үлкен қаржы сұрауы мүмкін.

Тұрар Рысқұлов 1894 жылы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында (қазіргі Алматы облысы) дүниге келген. Әкесі Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы желтоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады. Жастайынан Тұрар жалшылықта жүріп, байлардың малын бақты. 1907 жылы Қырғызбаев деген жалған тек алып Меркідегі бұратаналарға арналған орысша-қазақша бастауыш мектепке түседі. 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауылшаруашылық мектебінде оқиды. 1916 жылы Ташкенттегі мұғалімдер институтына қабылданады. Бірақ оны аяқтай алмайды. Қазақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалып, Т.Рысқұлов соған белсене атсалысады. Әулиеатадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға түседі. Одан құтылып шыққаннан кейін де өзінің идеялық мақсатынан айнымайды.

Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтты. Тұрар 1919 жылдың өзінде Түркістан Республикасының құрамындағы Сырдария облысы, Жетісу облысын Қазақстанға қосып, Ташкент қаласын бүкіл түркілерді шоғырландыратын астана жасауды, соның негізінде Түрік Республикасын құруды айтқан. 1921 жылы Әзірбайжан компартиясының ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Т. Рысқұлов Ататүрік бастаған ұлт-азаттық көтерілісін қолдады. Сол кезеңде Тұрар Азия құрлығындағы Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердегі көтерлістің келешегін болжап, жеңіске жететінін айтып кеткен.

Тұрар Рысқұлов ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. 1927-1930 жылдары Тұрардың ықпалымен Орталық Азияға, Батыс Қытайға, Батыс Моңғолияға, Батыс Сібірге даңғыл жол салған Түрксіб теміржолы ашылды. Батыс Еуропа мен Биік Азияға (Иран, Ауғанстан, Пәкістан) жол ашатын Волга-Дон каналын (Қара теңіз, Азов теңізі, Каспий теңізі, Парсы шығанағы, Оман ығанағы) салу туралы да 1927 жылы Т.Рысқұлов айтты.

1919-1934 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам құру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Сондай-ақ экономикалық дамуымыздың базалық негізі геологиялық басқарманы құруды 1928 жылы ұсынды. Соның нәтижесінде қазба байлықтар ашылып, экономикамыз жан-жақты дамыды.

Ұлттық Республикалардың тағдырын ойлаған Тұрар 1923 жылы Ресей коммунистік партиясының ХІІ съезінде ұлттық-одақтық кеңес құруды, ұлттық республикаларды экономикалық аудандау керектігі туралы баяндама жасады. 1924 жылы еуразиялық идеяны ұсынған да Т. Рысқұлов болатын. Ол сол арқылы Еуропа мен Азия халқын жақындастыруды көздеді. 1926 жылы ұлттық республикаларды, өлкелерді индустрияландыру тұжырымдамасын әзірледі.

Тұрардың оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Рысқұлов басшылық қызметте жүргенде 1920 жылы Түркістан үкіметінің шешімімен Ташкенде Қырғыз-қазақ институты ашылса, 1924 жылы Мәскеуде Шығыс халықтарының университеті шаңырақ көтерді. 1928 жылы Алматыда Қазақ университеті, 1929 жылы малдәрігерлік институты, 1930 жылы ауыл-шаруашылық институты ашылады.

Тұрар Орта Азия зиялыларының Мәскеуде білім алуына, өсіп-жетілуіне тікелей ықпал етті. Н. Нұрмақов, С. Меңдешев, Д. Қонаев, М. Сұлтанғалиев, Қ. Сәтбаев, Ю. Абдрахманов, Т. Айтматов, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, С. Аспендияров, М. Әуезов, Ә. Диваев, т.б. азаматтарға көп қамқорлық жасады. Әлихан Бөкейхановты абақтыға жапқанда Сұлтанбек Қожанов екеуі Сталинге телеграмма жазып, Әлиханның абақтыдан босауына атсалысты. Сол кезеңде бүкіл Алаш зиялылары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сияқты белгілі тұлғалардың төңірегіне Ташкентке шоғырланды. Ол 1922-1924 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов басқарған «Талап» қоғамына да қаржылық көмек көрсетіп, ғылымды дамытуға үлес қосты.

Өткен ғасырда қазақ халқы үш аштықты басынан кештi. 1919 және 1921 жылғы құрғақшылық. 1933 жылғы Голощекиннiң қолдан жасаған аштығы. Үшеуiнде де миллиондар аштықтың құрбаны болды. Алдыңғыларында Рысқұлов Аштық комиссиясын басқармағанда, соңғысында Сталинге хат жазып, республикадағы аштық ауқымын нақты жеткiзiп, шұғыл шаралар қолдануды талап етпегенде, жер бетiндегi ұлтымыздың саны күрт төмендеп кетерi анық едi. Рысқұлов – ұлтымыздың генефонын сақтап қалған тұлға екенiн мойындау керек.

Түркiстан республикасы Совнаркомының төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылы үш жаққа бөлiнiп кеткен Алашорда өкiлдерiн Тәшкентке жинап, “Талап” қоғамын құрды. Оған Кәрiм Жәленов, Халел, Жанша Досмұхамедовтер, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мырзағазы Есболов және т.б. мүше болды. Бұл қоғам алғашқы ғылыми орталыққа айналды.

Ақын Мағжан Жұмабаевтың “Түркiстан” атты тамаша өлеңi Орынборда емес, Ташкентте дүниеге келдi. Түркiстан идеясын, түркi жұртының бiрлiгiн жырлады. Өлеңнiң жазылуына Рысқұлов, Қожанов, Төреқұловтың әсер еткенi анық. Қоқан үкiметiн большевиктер құлатқан соң Мұстафа Шоқай шет елге кетедi де, Мұхамеджан Тынышбаев жұмыссыз қалады. Рысқұлов оны Тәшкентке шақырып, Совнаркомның транспорт бөлiмiне бастық етiп тағайындайды.

Тағдыр талқысына түскендерімен қысқа өмірлерінде қыруар іс тындырып, көп еңбек жасап үлгергенеліміздің біртуар аяулы азаматтар Тұрар Рысқұлов пен Жаһанша Досмұхамедовтердің алғашқы әйелдері орыс ұлтынан екендігі, екеуі туған бажа болғандарын екінің бірі біле бермейді.

Тұрардың әйелі – Надежда Константиновна, Жаһаншаның әйелі– Наталтя Константиновна, апалы-сіңілі Тұрардың бірінші әйелінен Ескендір атты ұлы және Соня деген қызы болған.

Оның Надеждадан кейінгі жары Әзиза Түбекқызы Рысқұлова – айтуынша, Ескендір өте ақылды, зерек бала екен. Ол 17 жасында «халық жауының баласы» деп ұсталып, Мурманск абақтысына қамалады. Ескендір сотта «әкем де, мен де халық жауы емеспіз» деп тайсалмай жауап берген.

Тұрарды тұтқынға алғаннан кейін сталиндік режім оның отбасына да ойран салды. Әйелін «Алжирге» 9 жылға айдауға жіберді. Ұлы Ескендір Беломорканалда айдауда жүріп, 20 жасында ауырып, қайтыс болды. Мая, Сәуле атты қыздарын балалар үйіне өткізді. Рида атты қызы түрмеде дүниеге келді. Кеңестік-тоталитарлық жүйе 3 жасында оны да балалар үйіне жіберді. Ол тек 6 жасында ғана тілі шығып, сөйлеген екен...

Қазіргі уақытта Мәскеуде Т. Рысқұловтың Маядан туған Виктор атты немересі бар. Ал, Сәуле Тұрарқызы Алматыда тұрады.

Ресей мұрағаттарындағы құжаттарға сенсек, қазақтың біртуар ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов НКВД-ның бірінші комиссары Генрих Ягоданың саяжайына жерленіпті. Алты жарым мың адам көмілген бауырластар зиратында Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды қайраткерлеріміз де жатыр. Қаншама жыл сабылып іздеп, топ-топ тарихшы жіберіп таппай жүрген жауһарымызды деректі фильм түсірмек болған бір топ қандастарымыз тапқан. Жалпы, Тұрардың атылуына Сталин, Ворошилов, Каганович, Молотов сынды төрт адамның бірдей қол қойғанын ескерсек, оның кеңестік азулы һәм аяусыз саяси-әкімшілік билігінің негізгі нысанасына айналған айтулы қайраткер екенін бағамдайсыз.Тұрар Рысқұловтың 1938 жылы 8-ақпанда сотталып, 10-ақпанда атылғаны белгілі. Сұлтанбек Қожанов екеуі бір күнде атылған.

Облыстық саяси қуғын-сүргін
құрбандарының мұражайының
қор меңгерушісі: Әсия Баймаханова


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация