Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы

masa_01

ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қорында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсновтың «Маса» атты өлеңдер жинағының төте араб жазуымен жазылған нұсқасы сақталған.

Бұл 1922 жылы Татарстанның Қазан қаласында 3 рет жарық көрген нұсқасы. Жинақ 87 беттен тұрады.

Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасы «Маса» деген атпен алғаш Орынборда 1911 жылы басылған. Жинаққа қойған атына ол едәуір ой, салмақты жүк артқан деуге болады.

Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?

Осы жолдардан «ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса» — сергектікті, қозғалыс күйді, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені көрінеді. Ол «үстінде ұйықтағанның айнала ұшып», қоғамның енжар, жалқау, ұйқыдағы күйден оянуына қызмет етеді. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай дамыта түседі.

masa_02Байтұрсынұлының «Қырық мысалдан» кейінгі, екінші кітабы — «Маса». Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді.

Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді.

Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеум. сананың оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911) «Мсаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу.

Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды.

Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.

Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны — «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Ғалымбек Елубайұлы
ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының аға Ғылыми қызметкері


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация