ТАҒДЫРЛЫ ТҰЛҒА

nazirНәзір – энциклопедиялық білім иесі академик Р.Бердібай. 

Өткен ғасырдың басында қазақ сахарасынан шыққан сауатты да саңлақ тұлғалардың өмірі мен қызметі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге ғана емес, тұтастай бір тәрбие мектебі. Халқымыздың әлемдік өркениетке есік ашуына жол нұсқаған осындай біртуар азаматтардың шоғырында айтулы мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың орны ерекше.

Тәуелсіздік туын көтерген  еліміз өз басынан не өткергенін білмейтін мәңгүртке ұқсамауы үшін өзінің өткен жолының бұралаңдарын, халықтың басына душар болған азап пен қорлықтың түп-тамырын білулері парыз. Бұл бағытта бізге халық үшін қабырғасы қайысып еңбек еткен, сондай әрекеттері Мәскеу билеушілеріне ұнамай, өмірлері ерте қиылып кеткен Алаш азаматтарының өнегесі таудай тірек бола алады. Солардың бірі ғана емес, бірегейлерінің қатарында болған мемлекет қайраткері, көпқырлы дарындылығымен артына құнды мұра қалдырған Нәзір Төреқұлұлы.

Нәзір Төреқұлұлының қазақ тарихында орны үлкен, еңбегі зор. Ол тәуелсіздік жолындағы күреске аянбай қатысқан жалынды – патриот, қарашаның қамын жеген – демократ,  шындық үшін күрескен – гуманист.

Ол – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін тарих сахнасына әкелген жаңа буын ұлт қайраткерлерінің бірі һәм бірегейі. Оның рухани жан әлемі халықтық салт-дәстүрден, ақындық өнерінен барынша мол нәр тартқанына тәнті етеді. Орталық Үкімет пен қалың бұхара арасын байланыстыратын баспасөз құралы болу керегін ол ерте бастан жақсы білген.

Топтан озған журналист ретінде облыстық және республикалық газеттерде мақалаларын, фельетондарын жариялап көзге түседі. Оның өмір жолындағы деректерге сүйенсек ол көптеген газет-журналдарды өзі ұйымдастырған. Олар: «Қазақ мұңы», «Халық сөзі», «Қызыл байрақ», «Түркістан», «Вестник просвещения и коммунистической культуры», «Жаңа Шығыс», «Ферғана», «Иштракюн», т.б. газеттерімен бірге «Инқилаб» («Революция») және «Темірқазық» журналдары.

Биыл «Алаш» партиясының 100 жылдығына Алаштың асыл перзенті Нәзір Төреқұлұлының 125 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Ендеше, мерейлі тойдың алдында мерейгер туралы оқырмандармен ой бөлісу артықтық етпес...

Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы қазанда Түркістан қаласына жақын жердегі Қандөз ауылында дүниеге келді. Әкесі Төреқұл мақта саудагері, білікті заң қызметкері еді. Анасы Гүлбаһрам аса діндар адам болатын. Нәзір дүниеге келген соң, аз уақыттан кейін, әкесі Төреқұл отбасын алып Қоқанға қоныс аударады. Өйткені ол Ташкентте оқуын бітіргеннен кейін Ферғана облыстық әскери мекеменің тілмашы болады. Сол кездері Қоқан-Түркістан өлкесіндегі Ташкенттен кейінгі екінші қала, ондаған мешіт-медреселері бар, көптеген керуен-сарайлары, базарлары мен банктері бар, 65 мыңдай халық тұратын, өз заманы үшін едәуір үлкен қала болатын. Төреқұл қаланың Байбота көпірі маһалласынан меншігінде үй ұстаған, мақта комиссионері боп қызмет істейді.

Ал, Нәзір болса Қоқанда өсіп, білім алады. Баласының діни сауатты болғанын қалаған анасының зор ықпалымен Нәзір сауатын Қоқандағы «Жәдид» медресесінен ашады.

Бірақ заман ауанын ертерек аңғарған әкесі Төреқұл баласын кейіннен екі жылдық орыс-түземдік мектебіне түсірді. Нәзір бұл мектепті жақсы аяқтады. Сауданың ебін білетін еті тірі әке енді баласының Қоқандағы сегіз жылдық сауда училищесіне түсуіне жағдай жасады.

Сегіз жылдық сауда училищесін 1913 жылы 21 жасында аяқтаған Нәзір сол жылы Мәскеудің сауда институтына түсті. Мәскеуде оқып жатқанда Нәзір журналист мамандығына көңілі құлап, Орынбордағы «Қазақ» газетіне «Н», «Студент» деген лақап аттармен қалам тербеп тұрады.  Осылайша ол Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың назарына ілігеді.  Алайда, 1916 жылғы атақты «июнь жарлығы» Нәзірдің жоғарғы оқу орнын толықтай аяқтауына мұрша бермеді. Майдан тылының ауыр жұмыстарына жегілген қандастарына қамқор болып, көмек көрсету мақсатында Нәзір тылдағыларға жөн-жосық көрсететін нұсқаушы ретінде Минск ауданының батыс майданына аттанды.

Мәскеудегі оқуын тастап осында келген Нәзірді Әлихан Бөкейханов құшақ жая қарсы алды. Нәзір Минскіде жүрген кезінде білімді үлкен ұйымдастырушы ретінде де жарқырап көрінді. Ол «Еркін дала» атты жасырын саяси ұйым құрды. Ұйымның негізгі мақсаты: елде өріс алған ұлт-азаттық қозғалыстың мән-жайын, оған көмектесу жолдарын талқылай отырып жұмыскерлердің саяси сауатын көтеру еді.

1917 жылы Ресейде ақпан төңкерісі болып, ақ патша тақтан құлатылды. Осы дүрбелең кезінде Батыс майданнан Орынборға оралған Н.Төреқұлов «Еркін дала» астыртын ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырды. Сол кезеңде, яғни 1917 жылдың қарашасы мен 1918 жылдың наурызы аралағында Орынбор, Ырғыз, Торғай уездерін аралап, сауат ашу үйірмелерін көптеп ашуға белсене ат салысты.

1918 жылдың көктемінде Түрік Республикасы басшыларының тікелей нұсқауымен Нәзір Орынборға аттанып, мұнда Кеңестар съезі сайлаған Торғай облыстық атқару комитетінің «Қазақ мұңы» газетін ашып басшылық жасайды. Алайда көп ұзамай Орынборды атаман Дутовтың бандалары басып алуы себебінен Торғай топырағындағы қазақтар үшін ең үлкен қазынадай болған «Қазақ мұңы» газеті өз жұмысын ылажсыз тоқтатты. Н.Төреқұлұлы қайтадан Түркістан өлкесіне оралып жаңа өкіметке қарсылық білдіруші басмашылар тобымен күресуде үлкен белсенділік жұмыстарын жалғастырады. Осылайша Нәзір жас үкімет үшін ең қажет қызметкер санына қосылады.

Орынбордағы Дутов оқиғасынан кейін Нәзір Ташкентке қайта оралып бой тасалай тұруға мәжбүр болады. Мұнда оған ұзақ уақыт жұмыс беріле қоймай жаз бойы Нәзір бос жүреді, Қоқанға да бармайды. Мұның басты себебі Нәзір бұл кезеңде большевиктерге аса ұнай қоймаған, себебі ол әзірге эс-эр партиясының мүшесі болатын. Соған қарамастан сол кездегі Мусбюро жетекшісі Тұрар Рысқұлов пен бюро мүшесі Акмал Ибрагимов мұсылман еріктілерін басқаруды Нәзірге сеніп тапсыру үшін Түркістан республикасы басшылығын көндіреді. Нәзір большевиктердің қойған талабына орай қазан айында Қоқандағы большевиктердің бастауыш партия ұйымына мүшелікке кіреді. Осы жылы Қоқандағы әкесі Төреқұлды басмашылар өлтіріп кетіп інісі Әбдіқадыр мен қарындасы Фатима өз қарауында еді. Әбдіқадыр да жастығына қарамай партияға мүшелікке өтеді.

Нәзір 1918-1919 ж. Ферғана облыстық революциялық комитетінің төрағасының орынбасары әрі хатшысы, кейіннен көп ұзамай Ферғана ревкомның төрағасы қызметіне жоғарылатылды. Ол Ферғана ревкомының басшылық қызметінде небәрі бір жылға жетер-жетпес уақыт қызмет атқарса да артына өшпестей із қалдырып үлгерді. Ферғанадағы жаңа үкіметтің орнығуына, жас ұрпақтың қалыптасуына үлкен көмек көрсетті. Басмашылардың дүмпуін басып халық наразылығын бәсеңдетті. Сөйтіп, ең ақырында «Ферғана мәселесі» деген көлемді танымдық еңбек жазды. Осы жылдарда «Халық сөзі» газетасын шығарып «Жаңа Шығыс», «Ферғана» газеттеріне де редактор болды.

1920-22 жылдары Түркістан республикасының басшысы болып жүргенде Нәзір Төреқұлұлы 9 айлық алғашқы қазақ педагогика курсын ашты. Кейін де өзінің тікелей басшылық жасауымен бұл оқу орны тұңғыш педагогикалық училищеге, 1920 жылдан бастап тұңғыш қазақ педагогика институтына айналды.

Нәзірдің тағы бір ерекше қыры оның ұлтжандылығы болатын. Ол өз ұлтын, оның салт-дәстүрін сүйе білді және оған барынша ыждақаттылықпен қарады. 1921 жылы жыл сайын мұсылмандар арасында аталып өтетін құрбан айт мерекесін өзі қол қойған 1 тамыздағы №92 Қаулыға сәйкес 3 күн демалыс күні деп жариялады. Оған қоса Түркістан өлкесіндегі демалыс күнін жексенбіден жұма күніне ауыстыру  туралы №14 декретке қол қойды.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызмет иеленгендердің көбі дін мәселесіне қырын қарағаны белгілі. Ал Н.Төреқұлов діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген, сондықтан да белсенділердің  дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған. Мұны ол өзінің көптеген «Ислам және коммунизм» сияқты мақалалары мен баяндамаларында қадап айтып ұғындырып отырады. «Қазақ республикасында қазақ халқының ежелден ұстанып келе жатқан діні исламды негізгі дін деп құрмет  тұтыну ләзім. Сонымен қатар елдің тұтастығына іріткі салатын, бұрын Қазақстанда тамыр тартпаған конфессиялардың арандату әрекетіне тыйым салынуы қажет» - деп айтқан сөзінің өзі жүз жыл өтсе де өзектілігін, маңызын жоймағанына көз жеткіземіз.

1919 жылдың орта шенінде Нәзір Төреқұлұлы Түркістан АССР-ның орталығы – Ташкентте РКП(б) мұсылман ұйымдары Түркістан өлкелік бюросының ұсынысымен баспа – редакциялық бөлімді басқарды. Оған бұл қызметті өзінің әріптес-досы Тұрар Рысқұлов ұсынған болатын. Қызметтес бола жүріп Т.Рысқұлов та Нәзірді қатты құрметтеген. Оның білімдарлығына, ойшылдығына тәнті болып, өзі ұзақ сапарға кеткенде билікті Нәзірге сеніп тапсырған, осы тұстан бастап Т.Рысқұлов екеуінің тығыз араластығы басталады.

1922 жылдың аяғында Нәзір Төреқұлұлы жаңа түрік алфавиті жөніндегі Орталық комитеттің комиссиясының мүшелігіне сайланды. Дәл осы кезеңде Шығыс халықтарының жазуын латын әрпіне ауыстыру мәселесі Мәскеудің күн тәртібінде қызу талқыланып жатқан болатын. Көп ұзамай Нәзір Мәскеуге ССРО халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы қызметіне ауыстырылады, яғни Шығыс елдерінің кіндік баспасына жетекшілік жасап, әрі жазуды латын әрпіне көшіру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып тағайындалады.

Нәзірдің Мәскеудегі қызметі (1922-1928 жылдар) негізінен алғанда идеологиялық жұмыстармен бейнеленеді. Тарихтан белгілі, біздің алфавитіміз арабшадан латыншаға 1928 жылдың аяғы, 1929 жылдың басында ауысты. Осы кезеңде латыншалау ісінің басы-қасында да Н.Төреқұлұлы аянбай қызмет атқарды. Талай-талай тартыстар, даулы пікірлер болды. Соның бір куәсі – 1926 жылы Баку қаласында өткен тюркология мәселелері жөніндегі кеңес. Осы бас қосуда қазақ халқының атынан Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлұлы және басқалары сөз сөйлейді.

Нәзір Төреқұлұлы «түркі тілдес халықтар бір тілде сөйлеуі керек (ортақ тіл), бір альфавитті пайдалансын» деген И.Гаспринскийдің пікіріне қарсы шыққан. Ол «әр халықтың өз жазуы, өз фонемалық жүйесі болады» деген пікір берген. Осы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде жасаған Н.Төреқұлұлының баяндамасында былай деп айтылған: «...Ең алдымен түркітанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресті революциялық факт болғанын қадай айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бір де бір үн шықпады, демек ескі араб сауатының күні өткені, арамыздан біржола кеткені деп түсіну керек. ...Бәске түскені тек екі әліпби, бұл – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі... Ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби – Құран жазуы емес, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа түркі әліпбиі».

Ол 1924 жылы жазған «Жаңа әліппе үлкендер үшін» атты еңбегінде араб әріптерінің орнын қазақ дыбыстары дәлірек қамтитындай етіп жөнделген латын алфавиті негізіндегі жаңа әріптерді ұсынып және бұл жаңалықтың қазақ мәдениетін озық елдермен жақындастыра дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді. Сонымен бірге латыншаға көшу баспаханалық мұқтаждықтан да туындайды. Яғни, арабша жазудың газет-журнал, кітаптарды түптегенде, әріптерді тергенде үлкен ыңғайсыздық туындатқандығымен бірге баспахана бояуының шығынының латыншаға қарағанда қазақ сияқты кедей елге тым қымбатқа түскендігі басты себеп болады. «Жаңа әліппе» (Мәскеу, 1924) кітабында, түріктанушылардың  І съезінде (Баку, 1926) сөйлеген сөзінде келтірілген кең салыстырулар, сенімді, дәйекті дәлелдер оның түрік тілдерінің табиғатын қаншалықты терең танығандығын әйгілейді. Ол қазақ және басқа мұсылман түрік халықтарына ескі араб әліппесінің орасан зор қызмет атқарғанын біле, бағалай отырып, дамудың жаңа кезеңінде латын алфавитіне көшу қажеттіліктерден туып отырғанын білгір баяндайды.

Нәзір Төреқұлов 1922 жылы В.И.Лениннің қабылдауында болғанда автономия алған жергілікті халықтар тілін мемлекеттік дәрежесіне көтеру мәселесін күн тәртібіне қойған. Бұл отаршылдық саясаттың зардабынан езіліп, жаншылған, жоғарғы оқу орындары былай тұрсын, бастауыш білім беру міндеті де толық шешіліп болмаған кездің өзінде келешегін ойлап айтылған батыл да әділ пікір еді. Оның «көп шетел сөздері, терминдер қазақ тіліне қазақ  тымағын кимей кіріп барады. Басқаның сөзін бұзбай айтам деп тіліңді бұрап өз тіліңнен айырылып қаларсың...»- деген сөзі бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.

Өзінің  «Ұлы ма? Оф ба?» атты мақаласында «...ов»-ты қойып, «ұлы, қызы» дегенге ауысқан дұрыс. Анаған да, мынаған да еліктей беру жақсы емес, әр ұлттың өз бет-бейнесі болуы қажет. Біздің қазақтың бұрын оқығаны төреге еліктеген, еліктеп жүріп сары түймеге жерік болған. Сары түйме тағып, оп-оңай төре болғаны осы күні мықынынан алты атарға жерік: оп-оңай коммунист болғаны. Әсіреқызыл болмау керек»,- деп қадап айтып ұлтқа деген жанашырлығын білдіреді. Ол: «біз өз пікіріміздің дұрыстығына кәміл сенімдіміз, әрбір түркі халқы мүмкіндігінше туыс диалектідегілер түсіне бермейтін өз жазу үстеліне көмектеспекші. Әрбір тілдің өзіндік сингармонизм заңы болуы тиіс» дегенді қадап айтқан.

Қайраткерлікке тола өмірінің сан жылдарын өз ұлтының діні мен тілі, салт-дәстүріне арнаған уақыт зырылдап өтіп жатты. Елді жаппай сауаттандыру, жаңадан оқу орындарын ашу, үгіт құралдары арқылы қараңғы халықтың санасын жаңғыртып, оларды ояту мәселесі, түрлі есептік баяндамалар, мақала, зерттеулік еңбектер жазумен де айналыса жүріп қазақ азаматтары арасынан зиялыларды тәрбиелеуді бір сәт ұмыт қалдырмады.

Нәзір 1922 жылы Мәскеуге ССРО халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы қызметіне ауыстырылады. Бұл жұмысқа да ол білек сыбана кірісіп түрік халықтарының тілдерінде алуан түрлі құнды кітаптар шығаруға басшылық етеді. Ең ерекше айтылатын мәселе – Нәзірдің осы кезеңде қазақтың ел ағалары Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан Жұмабаевтарды Алаш арыстарын шығармашылық қызметке тартып үлкен қамқорлық көрсетуі дер едік. Себебі, ұлтшыл атанып, совет үкіметі басшыларының және қазақтың жандайшап белсенділерінің қырына алынып, шеттетіліп жүрген ғұлама қайраткерлерді аялап, қамқорлық көрсетуге ол кезде екінің бірінің жүрегі дауаламайтын еді.

Нәзір Төреқұлұлының бүкілодақтық баспаны басқарған кездегі істерінің ерен болғандығын бүгінде мұрағат құжаттары анық дәлелдейді. Бұл кезең тағдырлы тұлға, Алаштың асыл перзенті Нәзір Төреқұлұлының өмірбаянының жарқын беттері. Оның өмірінің соңғы кезеңі де мейлінше тосын әрі ғибратты. Ол 1928 жылы Совет Одағының Сауд Аравиясындағы бас консулы болып тағайындалады, ал 1932-1936 жылдарда ССРО-ның Сауд Аравиясындағы толық өкілетті елшісі болады.

Тұрақты және өкілетті елші болу оңай жұмыс емес еді. Әсіресе, 20-шы жылдары халқымыз ауыр кезеңдерді бастан өткізіп жатқан.

КСРО құрылғанымен, алғашында оны көп шетелдер тани қоймаған-ды. Әсіресе, Батыс мемлекеттері Мәскеуге дипломатиялық, саяси, сауда байкотын жариялады. Мұның өзі жас мемлекет үшін ауыр соққы болатын. Дереу Шығыс елдерімен байланысты, нығайтып, жүниежүзілік аренаға шығу мәселесі күн тәртібінде тұрды. Міне, осы тұста жас Кеңес өкіметін шетелге таныту, оның сыртқы саясатын дәл де дұрыс жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермес шаруа болған-ды, соған қайыспай шыдаған Нәзір Төреқұлұлы болды.

Шығыс әлемінде бірінші болып отаршылардан өз тәуелсіздігін алған Сауд Арабиясы патшалығына (бұрынғы Хиджас пен Недж корольдігі) дипломатиялық қарым-қатынас орнату белгілі шығыстанушы, мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлұлына тапсырылуы тегіннен тегін болмаған.

Ол Сауд Арабиясындағы тұрақты және өкілетті  елші қызметін абыроймен атқарғанымен қоса сол елдегі елшілердің арасында ең құрметті, ең сыйлы адам болып дуанай  дәрежесін де иемденгенін тарих куәландырады.

Бұл кезде Кремльде Сталиннің жан алғыш машинасы іске қосылып, «Халық жауларының» алдыңғы толқыны атылу жазасына бұйырылып жатқан болатын. Әрине, Н.Төреқұлов шалғайда жүргендіктен болып жатқан жағдайлардың көбінен бейхабар еді. Оның жалғыз ғана тілегі болды: Ол туған жерге оралып, сағынышын басу, сонан соң денсаулығын түзеу еді... 

1935 жылдың аяғында Н.Төреқұлов «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» Мәскеуге шақырылды. Алайда, оған «басқа жұмыс» беріле қоймады. «1936 жылдың 3 қаңтарында Н.Төреқұловты КСРО-ның Геджастағы өкілетті Өкілі міндетінен босату туралы» КСРО ОАК Президиумының шешімі шықты. Саясаттан көңілі суыған, оның үстіне денсаулығы нашарлап, керең ауруына шалдыққан Н.Төреқұлов қалған ғұмырын ғылымға арнап, тыныштықта өткізгісі келді. Осылайша, ол КСРО Ұлттар кеңесі жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтына аға қызметкер болып орналасты. Алайда, бұл кезде НКВД үйінде: «Серафимович көшесі 2-үй, 309-пәтерде тұратын Нәзір Төреқұловтың үйін тінтіп, өзін тұтқындау туралы» № 2891 ордер әзірленіп жатқан еді. НКВД жендеттері оны  1937 жылдың 17 шілдесінде тұтқындады.

«Нәзір Төреқұлов 1931 жылдан бері Кеңес өкіметін құлатуды көздейтін антисоветтік пантюркистік диверсиялық-террористік ұйымның белсенді мүшесі болған. Сотталушы Төреқұлов аталған ұйымның жетекшісі Тұрар Рысқұловпен тығыз қарым-қатынаста болып, оның тапсырмасы бойынша Түркия барлаушысы Мұстафа Жавадпен байланысып, Түркия мүддесі үшін тыңшылық жасаумен айналысқан.»

Үш айдан аса мерзімге созылған тергеу амалдарынан кейін, яғни 1937  жылдың 3 қарашасында КСРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының жабық отырысында Нәзір Төреқұловқа үкім шығарылды.

«Орталық Атқару Комитеті жанындағы Тіл және жазу Институтының бұрынғы аға қызметкері, 1892 жылы туған Төреқұлов Нәзір Төрекұловтың қылмыстық ісін қарай келе, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-1 а, 58-8, және 58-11 статьялары бойынша бойынша оны қылмысты деп таныған, КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы үкім шығарды:

«Төреқұлов Нәзір Төреқұлұлы ең жоғарғы қылмыстық жаза – ату жазасына  кесілсін. Дүние-мүлкі тәркіленсін. Үкім үзілді-кесілді, қайта қарауга жатпайды, КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1934-жылғы 1-ақпанындағы қаулысына сәйкес тез арада орындалуы тиіс».

Нәзір Төреқұлов үкім шыққан күні, яғни  1937 жылдың 3 қарашасында Мәскеу қаласында атылды. Зайыбы – Төреқұлова Нина Александровна – күйеуі атылардан бір күн бұрын тұтқындалған болатын. «Халық жауының» әйелі ретінде Қазақстанға Ақмоланың «Алжир» лагеріне жер аударылды.

Н.Төреқұловтың жарқын да, жұлдызды, тағдырлы ғұмырының ұлтымыздың рухани жетіліп, өркендеп-өсуі үшін маңызы зор, тағлымы ерекше. Бүгінде Н.Төреқұловтың елімізге, ұлтымызға сіңірген ерен еңбектерін бағалап, көптеген мектептерге, көшелерге оның атын қойып, құрметтеп, еске алуда. Оның өмір жолы мемлекеттік және дипломатиялық қызметтері зерттеліп, зерделенуде.

Жеке адамға табынудың құрбаны болған Н.Төреқұлов үлкен білімпаз, қажымас қайраткер, аяулы азамат еді. ХХ-ғасырдың басында жасаған мұндай ірі азаматты, тағдырлы тұлғаны әсте ұмытуға болмайды. Нәзір атамыз әрдайым біздің назарымызда.

Биылғы Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығына орай қараша айының басында облыстық мәдениет басқармасы және облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ұйымдастыруымен мерейгердің туған жері Түркістанда «Алаштың асыл перзенті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді деп жоспарлануда. Конференция қарсаңында «Нәзір Төреқұлов: құжаттар мен материалдар жинағы» кітабы басылып, «Нәзірдің жарық жұлдызы» атты деректі фильм түсірілуде. Жуырда ғана Мақтарал ауданы Асықата кентіндегі №121 мектепке Нәзір Төреқұловтың есімі беріліп мүсіні қойылды.

Гүлмира Серікбаева,

ҚР мәдениет қайраткері,

ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Нәзір төреқұлов дипломат Назир Тюрякулов» (шығармалар, сочинения). Құрастырған «Нәзір қорының» шығармашылық тобы.
  2. Жолтай Әлменұлы «Нәзір Төреқұлұлы», «Ғибратты ғұмыр».
  3. «Нәзір Төреқұлов» көптомдық шығармалар жинағы (І-ІV том) («Н.Төреқұлұлы» қоғамдық қоры).
  4. Тайыр Мансұр «Нәзір Төреқұлов» (ғұмырнамалық деректі хикаят). 

Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация