«Даламдай дархан пір – тұлғам» атты баяндамасы.

15-03-2018Халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күресте өткізген «Дала данасы», Абайдан кейінгі екінші көрнекті тұлға, ұлы гуманист, аудармашы, кемеңгер ойшыл, тарихшы, қазақ әдебиетінің классигі, композитор, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлына биыл 160 жыл.

Құдайбердіұлы Шәкәрім 1858 жылдың 11 шілдесінде бұрынғы Семей уезіне қарасты Шыңғыс болыстығында Кеңбұлақ (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл) ауылында дүниеге келген. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде ол Абай бағытын ұстанды.

Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбай қажының Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашып сол жерден жеті жасына дейін оқиды. Жеті жасында әкесі қайтыс болғаннан соң атасы Құнанбайдың, кейіннен Абай ағасының тәрбиесінде болып ержетеді. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасайды: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраhим мырза, қазақ ішінде Абай деп аталды, сол кісі мұсылманша hәм орысша ғылымға жүйрік, hәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім» Шәкәрім атамыз араб, парсы, түрік, орыс тілдерін өте жетік білген. Абай кішкентай інісі Шәкәрімді өзі тәрбиелеп оған Шығыс поэзиясын танытты. Әлемдік танымал «Әли баба мен қырық қарақшы», «Алладин туралы аңыз», «теңізші Синдбадтың бастан кешкен хикаялары» сияқты Шығыс ертегілерін де кеш болса оқып беріп жас Шәкәрімнің үлкен әлемге қиялын ұштады. Жеті жасынан бастап өлең жаза бастаған Шәкәрім жасы он бестен асқанда ақылы кемелденіп, ой-өрісі тереңдеп, ғылым жолына ойысып, ақындық өнерін жарыққа шығара бастайды: Жиырмадан өткенде,

                      Азғана ғылым оқыдым.

                      Алғызып кітап шеттен де

                     Көңілге біраз тоқыдым.

                      Білмегенді сұрадым,

                      Жиыстырдым, құрадым,

                     Оқыған сайын ұнадым,

                    Жолына түстім осының.

                      Білімге салып тілекті,

                    Ағартуға жүректі,

                    Аршымақ болып қоқымын...,- деп жырлайды.

Осы кезден бастап Шәкәрімнің атын естіген ел-жұрт оның ақылдылығын мойындап өз балаларына үлгі етеді. Ақынның өз шығармаларындағы өмірбаяндық деректерге сүйенсек оның бал дәурен балалық шағы жеті жаста жетім қалғанына қарамастан он саусағынан өнер тамған , асқан қолөнерші Төлебике анасымен және беделді де, дәулетті қажы атасы Құнанбайдың саясында сүйкімді немересі болып уайым-қайғысыз, емін-еркін, тоқшылық-баршылықта өтіпті.

Жиырма жасқа толар-толмаста Шәкәрім ел басқару жұмыстарына араласып кетті. Жастықтың қару-қайратын ел ішіндегі қарым-қатынастарды қалыпты күйге түсірмеккке жұмсамақ болды. Қазақ қауымының тірлігін тереңдей білді. Сонымен бірге ол отаршыл патша өкіметінің түгелдей қазақ халқын аздырып, тоздыруға негізделіп жасалған ел билеу жүйесі мен жергілікті патша әкімдерінің сұрқия саясатының түпкілікті мақсат мүддесін түсінді. Атасы Құнанбайдың ықпалымен болыстық қызметті атқарады. Бірақ жүз жерден данышпан, мың жерден әділетті болса да болыстың да болыса алмайтын кездері болатынына сол кезден-ақ көзі жетіп көңілі де қала бастайды. Жасы толысқан әрі, болыстық қызметтің талабына сәйкес Шәкәрім отбасылы болуға тиісті болады. Сөйтіп ол өзіне кішкентайынан аттастырылған Мәуенге үйленіп шаңырақ көтереді. 1878 жылдың сәуірінде тұңғыш ұлдары Ғафур дүниеге келеді. Болыстық қызметте соңғы 10 жылдағы дұрыс шешілмей келе жатқан күрделі істерге Шәкәрім қатты кіріседі, бірақ ол әрекеттері басқадай өзімшіл бай-болыстарға ұнай қоймайды. Ел-жұрт жиналған ортада еркіндік, тәуелсіздік туралы әңгіме айтып өз қоғамындағы болып жатқан әділетсіздік пен екіжүзділікті жиі сынға алады. Нэтижесінде біраз уақыттар өткесін ел арасындағы алауыздық тиылып ұрлық-қарлықта азаяды.

Бұл кезеңде Ресейде болып жатқан келеңсіздіктер қазақ даласына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Соғыс өртінің салдарынан қазақтарға салынатын салықтың түрі күннен күнге арта түседі. Ал 1916жылғы Патша жарлығы шыққасын қазақтарды батыс майданға еріксіз қара жұмысқа алу басталады. Шәкәрім де дәл осы тұста Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхановтармен бірлесіп елдің ереуліге шықпаулары керек екенін түсіндіреді. Өздерінің ақ патшаға хат жазып мән-жайды түсіндіру арқылы талап етіп мәселені бейбіт жолмен шешетіндіктерін айтып толассыз насихат жүргізеді. Қазақ даласына тарап жатқан басылымдарда Үндеу жариялап халыққа былай баяндайды: «бұл жарлықтан бас тартып ереуіл ұйымдастыруға болмайды, патша мұны кешірмейді. Қазақ даласына жазалаушы әскер жіберіп қырып жояды, қуғын сүргінге ұшыратады. Сол себепті халқымыздың амандығы үшін сабырлылық танытыңдар!»

Шәкәрім Құдайбердіұлының Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен байланысы бұдан да бұрын сәл ертерек болған. 1906 жылы I-Мемлекеттік думаның сайлауына қазақтардан ұсынылған депутаттың ішінде Ә.Бөкейхановпен бірге Шығыс уәлиатынан Ш.Құдайбердіұлы да бар болатын. Сол I-мемлекеттік думаның Семей қаласында маусымның басында өткен сайлау алды жиынында мінбеге көтерілген Шәкәрім бұл орынға лайықты Әлихан ғана деп көпшіліктің Бөкейхановқа дауыс берулерін сұранады. Осылайша қазақ даласынан І-мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтарының атынан депутат болып Ә.Бөкейханов сайланады. Ал 1908ж. қаңтардан бастап (барлық І-мемдуманың мүшелері сияқты) Ә.Бөкейхановта үш ай түрмеде жату жазасына кесілгенде Шәкәрім аз ғана адамдармен бірге Орынборға артынан түрмеге іздеп барып амандық сұрасады.

1917ж. Патша үкіметі құлап Октябрь революциясы жеңіске жетті. Бұл кезде Шәкәрім 56 жаста болатын. Шәкәрімде барлық дала қазағы сияқты Патшалық империяның біржолата көзі жойылып Совет үкіметінің құрылғанына қатты қуанып, енді тыныш өмір сүретініне үміттенді. «Бостандық таңы», «Бостандық туы жарқырап» атты өлеңдері осы тұста жазылады. Бірақ өкінішке орай бұл революция да қазақ басындағы қайғыны жеңілдетпей керісінше қазақ қайғысын одан сайын қалыңдата түсті. Енді жаппай зорлықпен ұжымдастыру науқаны басталады. Осы тұста Ш.Құдайбердіұлы ештеңеден тайсалмай елін жинап бұл жаңа үкіметтің қазаққа берер зиянынан басқа ештемесі жоқ екенін, большевик дегендердің ұлттың түбіне жететін аярлар екенін ашық айтады. Үкіметтен әбден көңілі суыған Шәкәрім жалғыз өмір сүруді дұрыс деп шешіп, «Қарабұлақ» қыстауына ұлдарына үй тұрғыздыртып сол жақта жалғыз тұрып, елден біржолата жырақтайды. Ол жерге өзінің ұлдарынан бөлек санаулы адамдар ғана аяқ басып амандасып тұрады.

Ш.Құдайбердіұлының қазақ классикасына кірген көптеген еңбектері осы «Қарабұлақта» жазылып өзі «Дала ғұламасы» атанады. Алайда, айдалада жалғыз күн кешсе де үкіметтің қүдалауынан бірсәт құтыла алмайды. Үкіметке жүн салығын өткізбедің, яғни үкіметке қарсы адамсың деген сылтаумен 1930 жылдың февралінде тұңғыш ұлы Ғафурды, сәл кейінірек екінші ұлы Баязидті де, түрмеге қамап малдарын тәркілейді. Осылайша Шәкәрім бір әулеттін жалпы саны 33 адамды қуғын-сүргіннің құрбанына айналдырады. Кейіннен 2 ұлы түрмеде жауыздықпен өлтірілсе олардан кейінгі ұлы Қабыш түрмеден қайтар жолда көз жұмады. Тағыбір ұлы Шәміл де қалада оқып жатқан қарындастары Қалима мен Ғалияны іздеп жүріп өз отбасынан адасып қалып ақырында қайғы мен аштықтан көз жұмады. Елге 1931жылы атышулы аштық келіп ел тағыда қатты күйзеліске ұшырайды. Қолдарындағы бар малдарынан айырылған жұрт жабайы пияздың сабағымен қоса ірілі-ұсақты даланың жабайы жәндіктерін жеп күнелтеді. Жергілікті билік елден аттап басып шығуға болмайтын қатаң тәртіп орнатып жан-жаққа күзет де қойылады. Қашып шығып алыс-жақын туыстарын паналағысы келгендерге «Бандит» деген жала жабылып оларды табанда атып тастап немесе түрмеге қамайды. Тоз-тозы шығып тарыққан ел тағыда Шәкәрім қажыдан көмек сұрап келе бастайды. Осы тұста Шыңғыстауға Қазақстанды басқарып тұрған Голощекиннен кейінгі екінші адам Елтай Ерназаров келеді. Шәкәрім қажы ел өтінішімен барып Ерназаровпен жолығады. Ерназаровпен ұзақ сұхбаттасып шыққасын атамыз ел-жұртты жинап: малынан айырылған қазақтың өлуден басқа амалы қалмағанын, бұл Ерназаровтың елді түсінетін, халқының болащағын ойлайтын адам емес екенін ұққанын айтып бекерге оған барамын деп тырыспаулары керек екеніндігі туралы өз ойын жеткізеді. Бұл әңгіме дереу сөзбе-сөз партиялық шолақ белсенділердің құлағына жетіп Шәкәрім Құдайбердіұлы да Совет үкіметіне қарсы, «халық жауына» айналады. Бірақ, бұл уақытта Шәкәрімді ешкім де ештеме де қорқыта алмайды. Ол өзінің ар-ожданының алдында тек өзін ғана тыңдап халқына, кейінгі ұрпаққа құнды өлеңдерін арнай бастайды. Ақиқатына келгенде ол ешқашан қолына мылтық ұстамаған және еріксіз әрекет жасауға ешкімді де үгіттеп көрмеген аса тақуа жан болған.

Жарты асырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан бұл ұлы тұлғамыз Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ халқының рухани мәдениеті тарихында алатын орны өзгеше. Ол өз ұрпағына:

             Адам үшін – еңбегім,

             Өмірден барлық тергенім.

             Қалағанын қарап ал

                        Мұрам сол, жастар, бергенім! –дейді.

Елдік сананың тамыры – рухани таным екенін ерте бастан ұққан Шәкәрім өз еңбектерінде елдік тұғырды ежелден ерекше кие тұтқан әлемде бір халық болса, ол біздің қазақ халқы екенін әрбір сөзі арқылы әдептеп, санамызға сіңіреді.

1918ж. «Абай» журналының 3 нөмірінде Ш.Құдайбердіұлының «Ұлтшылдық туралы» деген көлемі жарты – ақ беттік мақаласы жарық көреді: «Абай» журналының екінші нөмірінде жарияланған ардақты Мәнен бауырымыздың «ұлтшылдық» деген мақаласына бір ауыз сөз айтқымыз келед, - дейді Шәкәрім қажы. Менің ұғуымша, ол кісі «ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылдық туады» - дейді. Бұған дәлел керек қой?! Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа, олар адамшылдық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, қалса өзімшілдіктен аса алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да ақ жүрек туғыза алмайды; ақ жүрек дегеніміз «ұждан» (әммә жанға махббат, шапағат, ғаділет), қазақша айтқанда тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу ақ жүрек (ұждан) ісі. Оны істеп отырған кім бар? – деп жауап қайтарады. Арада қаншама жылдар өтіп заман өзгергенде қазірдің өзінде мың сан қоғамдық проблемалардың бәрін шешудің жалғыз жолы осы екеніне қазір кім сенеді? Әлем мойындаған данышпан Л.Толстой бүтін қиянат атаулыны жоюдың жалғыз – ақ жолы ақ жүрекке, бауырмалдылыққа, имандылыққа жету деп түсінген. Асыл ойды Шәкәрім Құдайбердіұлы да айтады:

   Тәңір жол – ақ жүрек,

   Сайтан деген - -қиянат.

   Ақ жүректі ертерек

   Ескер – дағы қыл әдет.

Бұл екі Ұлы рухтарды дос, мүдделес еткен де осы иман болған шығар. Тарихтан белгілісі сол, Л.Толстой мен Шәкәрім Құдайбердіұлы бір-бірімен хат жазысып отырған. Ол орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың еңбектерін аса жоғары бағалап: Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,

               Сопының бара қойман құрбанына

               Ақиқат сырымды айтсам – Толстойдың,

               Мың сопыны алмаймын тырнағына, - деп оны тіпті дүмше молдалардан    жоғары қояды. Ақын шығармаларында дін бұзар дүмшелерді сынай отырып, дін арқылы, рухты тәрбиелеуге, имандық пен адамгершілікке шақырады. Ұстаз ағасы Абай секілді «жүрек» мәселесі мен «кемелдікке жету» жолын насихаттайтын философиялық өлең-жырларын, қара сөздерін жазады. Ахмет Ясауи «Хал ілімін» жазса, Шәкәрім қажы «Ар ілімін» жазып ұрпаққа өнегелі мұра силады. Заманалармен замандас таланттар Йасауи, Абай, Шәкәрім шығармаларының идеялық мазмұнында да күрделі сабақтастық байқалады.

Ғылым-білім жолына бір жолата бет бұрған Шәкәрім Құдайбердіұлы дамылсыз ізденісте болып, жер көріп, ел аралады. Ол 1903 жылы қазақ даласындағы сол кездегі бірден-бір ғылыми – зерттеу орны болған Императорлық географиялық орыс қоғамының батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше болып қабылданды. Міне, бұл салаға да қоянқолтық араласа жүріп ұстаз-ағасы Абайдын естігені, үйренгені бар, әрі Құнанбайдай өресі биік, көзі ашық атасының тәрбиесінде болған Шәкәрім бала кезінен қазақтың бай шежіресін санасына құйып өсті. Бертін келе ұққаны ұлттық сананы оятуда, қалыптастыруда және дамытуда тарихтың атқарар рөлін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды деген қағиданы жете түсінді. Осы себепті де қазақтың тарихына баса назар аударды. Сондықтан, ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдері ішінде қазақ халқының тарихын сол кезеңнің сұраныстарына сай орындап щыққан, әрі ақын, әрі жазушы, әрі философ, әрі дінтанушы және тарихшы Ш.Құдайбердіұлы болды. Оның 1911ж. Орынбор қаласында жарық көрген «Түрік, қырғыз – қазақ hәм хандар шежіресі» атты тарихи еңбегі- авторды қазақ тарихын алғаш рет жазған қазақ ұлтының алғашқы өкілі деген мәртебеге жеткізді.

Шәкәрім атамыздың тарихи толғау-жырларынан кейін тарихнамамызда Керей мен Жәнібек хандарымыздың Әбілхайыр ханнан қалай, қашан бөлініп кетулері себептері белгілі болып қалды. Шәкәрім атамыздың Ақжол бидің өлімі туралы тарихи әңгімесіндегі мәліметтер тарихшыларымызға Қазак хандығының құрылуы жөнінде көптеген жәйттердің бетін ашуға көмектесе алды. Оның осындай көптеген еңбектерін саралай келе Ш.Құдайбердіұлын ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихының мәселелеріне өзіндік тұжырымдарын білдірген тарихшы дейміз.

1904 жылы, Абай атамыз өзі өмірден өтер алдында бауыры Шәкәрімге былай дейді: «сен ел ісіне кіріспе, тек біліммен шұғылдан» деп және Меккеге баруын тапсырады. Осылайша Абай ағасы Шәкәрімге үлкен үміт артып, өзі бір кезде көксеген арманын Шәкәрім арқылы жузеге асырмаққа ниет қылады. Абай ағасы: «Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тілін жетік білдің. Афин-Грек білімі Стамболда жиналған, содан табылады. Араб білімі Мекккеде, бірақ меніңше Меккеден гөрі Мәдинадан көбірек табылуы керек және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жіберерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең қолыңды әкел,- деп Абай шәкіртіне қол ұсынған ғой. Енді Шәкәрім атамыздың өз естелігіне назарларыңызды аудартайын: «сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, керек кітаптарды алдым. Ол кітаптарды посылка етіп Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы ойшылдарының еңбектерін түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл – философтарының, Батыс философтарының, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек кезімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды. Бұ да Абайдың маған ақыл берген кеңесінің жемісі. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып көп қажеттерімді таптым. Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым», - деп жазады.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ел арасына демалысқа барғанда Шәкәрімнен Шығыс ақындарын көп сұрап отырады екен. « Сол Шығыс ақындарының ішінде ең күштісі қайсысы?» деген Мұқаңның сауалына Шәкәрім Хафизді бөліп атайды. «Оның тілі ғайыптан келген» деп, табанда Хафиз ғазалдарын оқып тәржімалап береді. Сонымен бірге Сағди, Фердоуси, Науаи жайларынан да хабар беріп, шығармаларымен таныстырады және мұндай сұхбаттар жиі болып тұрады. М.Әуезов өз естеліктерінде: «Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргенім жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған, ұстазым Шәкәрім! – деп жиі айтатын болған екен. Бұл естеліктерді Ш.Құдайбердіұлының ұлы Ахат атамыз айтыпты. Мен бұл мәліметті ф.ғ.д профессор Күмісбаев Өтегеннің жазғанынан алып өздеріңізді таныстырып тұрмын.

Жерлесіміз, республикаға танымал әдебиетші ғалым ағамыз, Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов сөзімен айтар болсақ «Шәкәрімнің бүкіл рухани болмысындағы ақындық өнер мен ойшылдың танымы өзіндік сыры мол, айтылар пікірінің, астарлы қабаттары оқырман атаулыға алдын ала даярлықсыз ашыла бермейтін сыр бүгіп жатқан ерекшелігі де бар».

Баяндама барысында Шәкәрім Құдайбердіұлын барлық қырынан танытып барлық еңбектері туралы, мәлімет бере алмасам да, «Дала данасы» атанған ғұлама атамаыз туралы танымдық біраз әңгіме баян етілді. Шәкәрім Құдайбердіұлының тұлғасын (портретін) сомдап тұрып қайтадан сәл ғана кері шегініс жасауыма рұқсат етіңіздер. Болашағын алдын-ала көре білген данышпан атамыз: кетермін, артымда сөз, әнім қалар,

              кейінгі жастар оқып ортаға алар, - деп жазды.

Бұл өлең жолдары «көзімді көрмесе де, өзімді білмесе де, айтылған түзу сөзімді жан-жүрегімен қабылдайтын жандар келеді» деген Шәкәрім қажының данагөйлігін паш еткендей. Ендеше сол атамыз сенген кейінгі жастар ол сіздер мен біздерміз. Шәкәрім қажының өмірі қалай аяқталды?

1931 жылдың июнінде Шыңғыстау ауданына ОГПУ-дің бастығы болып Абзал Қарасартов келеді. Үкіметке шын берілген, мінезі тасыр чекист бірден Шәкәрімді ұнатпайды. Басты себеп Шәкәрім қажының ел сыйлар абройы мен ақындығы болатын. Қарасартовтың ойынша

Біріншіден ең сыйлы, барлық ел-жұрт атын естісе қорқатын адам ол НКДВ адамы болуы керек. Яғни ол Қарасартовтың өзі.

     Екіншіден елге танымал ақын біреу ғана, яғни өзі ғана болуы керек деген надан түсінігінен. (А.Қарасартов та өлең жазатын ақындығы бар адам болған екен).

Баяндаманы жазу барысында көптеген Шәкәрімтанушылардың ғылыми еңбектерімен қоса республикалық басты телеарналардың түсірген деректі фильмдерін көріп зерттеу арқылы, басқа да көптеген себептердің ішіндегі негізгі басты себептер осылар болғанын зерделедім.

Шәкәрім қажы дұшпан қолынан мерт болмас бұрын өзінің көптеген қолжазбаларын аманат етіп ұлы Зиятты қытай өткізіп жібереді. Бұл кезең Шәкәрім Құдайбердіұлының өз басына да ГПУ-дің қара бұлт үйіріліп жатқан кезі болатын. Осы кезеңдерде қажы атамыз:

Қайран, қайғысыз, қамсыз күндерім,

Сайран, сауықты рахат түндерім,

Сендерден не пайда?

Асқан алпыстан мынау жасымыз

Қашкан шалдықтан ғаріп басымыз,

Қаласың қай сайда!?»,-деп күңіреді.

«Шәкәрім» энциклопедиясында ұлы Зияттың Қытай асып қашуына себеп болған жағдайды былай баяндайды (Б.Исаев):

«Шыңғыстаулық толқыған жұрттың басшы азаматтары ақылдасуға Шәкәрім қажыға келіп Қарауылды басып алып ондағы Совет өкіметін құлататындықтарын айтады. Қажы оларға бұл өкіметтің әзірге тамыры тереңге тартқан өкімет екенін, Қарауыл құлағанмен Совет өкіметі құламаған соң соңдарынан ерген халықтың қырғын табатынын айтып райларынан қайтулары керегін бұйырады. Топ ішіндегі толқыған көптің бірі өз ұлы Зият та болатын. Бұл оқиға қалай болса да ертесіне ГПУ-дің құлағына жетіп ізінше біраз адамды дереу тұтқындау басталады. Шыңғыстау басшылары «көтеріліс иесі, бата беріп аттандырушысы Шәкәрім қажы екен» деп дабылдатады. Бұл хабар Саят қорасында саяқ жатқан Шәкәрімге де жетеді. Осы кезде ГПУ қолына түссе неге ұшырайтынын білгесін Шәкәрім қажы да амалсыз тасаланып, бой жасыруға мәжбүр болады. ГПУ тобы халыққа да, ресми орындарға да көтерілісті «Шәкәрім көтерілісі» деп атап жатады. Зият бастаған бір топ адам Қытайға қашуға осылайша мәжбүр болады. Олар Шәкәрім қажының да өздерімен бірге кеткенін қалайды. Алайда Шәкәрім атамыз «Шыңғыстаудың бір шалы Қытайға барып қаңғып өлді дегізбеймін» деп оларға еруден бас тартқанымен шекарадан олардың аман-есен қалай өтуге болатынын қазазға сызып, жазып береді. Ұлы Зиятпен басқа туыстарымен де қоштасып өзі ауданның ГПУ-не, басқа да басшылығына кездесуге беттейді. Сол күні таңертеңгілік яғни 1931 жылдың 2 қазанында А.Қарасартовтың тобындағы солармен бірге келе жатқан Сабыр Халитовтың қақ жүректен атқан оғынан шаhит өлімімен жан тапсырады. Содан кейін мәйіті құдық түбіне тасталып, өзі іс-түссіз жоғалдыға саналады. Шәкәрім атамыздың сүйегі отыз жыл бойы тас құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана қуғын-сүргіннен ақталып, түрмеде жазасын өтеп келген баласы Ахат әкесінің сүйегін тауып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерлейді. Шәкәрім атамыздың фотосының түп нұсқасының ұрпаққа жетуі де өзінше бір оқиға. Фотоны жеткізуші Шәукен, шын аты Оразғали қажы атамыз өлгеннен кейін барлық кітаптарын еріксіз отқа өртеген адам. Өзі ОПГУ мекемесінің от жағушысы, өзі мылқау әрі сауатсыз адам екен. Шәукен бастықтарының бұйрығымен көп кітап қағаздарды өртеп отырып ішінен қажының суретін көріп таныйды да, қолма-қол фотоны екі бүктеп қалтасына салып, алады. Фотоны көп жыл ешкімге көрсетпей сақтап келген. 1945ж. Абайдың 100ж. тойына келгенде М.Әуезовпен кездейсоқ танысып қалады (зерттеуші А.Омаров «Қарауыл» кентінің тұрғыны ардагер ақсақал Манатай Балтақайұлының өз аузынан жазып алған). Келесі жылы заңғар жазушының үйіне арнайы шақырумен қонаққа барғанда ел өлдіге санап жүрген Шәкәрім қажының ұлы Ахатқа кездесіп тығып жүрген фотоны көрсетеді. Сан жылдардан соң өз әкесінің фотосын қолына алған Ахат қария сол жерде өкіріп жылаған екен. Ал Шәкәрім атамыздың қолына бүркіт ұстап түскен фотосы ол кісінің 71 жасында Қарабұлақта түсіріліпті. Фотоға түсірген сол кездегі КСРО құрамындағы бұратана халықтардың этникалық одағын зерттеу жұмысымен айналысқан Федор Артурович Фиельструп. Фотода «Охотник с беркутами, казахи, Семипалатинский уезд 1927г» деп жазылған екен. Нақты Шәкәрім қажы екенін кейіннен зерттеушілеріміз Қазан қаласындағы мұрағатта сақталған Фиельструптың еңбектерін іздеп жүргенде зерттеушілеріміз қордағы материалдар ішінен осы фото «Шакарім қажи со свойм беркутом» деген жазуымен тапқан. Фотода Шәкәрім қажының атақты «Мұзбалақ» бүркітімен қоса әйгілі «Қоңыр» атты аты да көрінеді. Бұл Қоңыр атты, қажы қытайға қашқан кенже ұлы Зиятқа мінгізіп жіберген болса, бүркітті (өлер алдында) атамыз өз қолымен биік таудың басына шығып босатып жіберген.

А.Қарасартов Қытайға қашып кетсе де Зияттың да артынан бір елі қалмай жүріп ақыры оның да түбіне жетеді. Әкесіне тартқан асқан білімді әрі ақын болған Зият оқиғаны Қытай түрмесінде жатып былай деп әнге қосып күңіреніпті:

«Ұлы едім Шәкәрімнің Зият деген,

Ән айтқан бала жастан қияқпенен.

Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға

Қиянат жанға жасау ұят деген.

Қайырмасы:

Осыны ұстап өтемін

Шыңғыстау еді, мекенім.

Зұлымның түсіп торына

Тас түрме болды төсегім.

Кім қалай зұлымдықты жасырады

Әзірше олар айласын асырады

Әлемнің тарихы егер анық болса

Бар сыры большевиктің ашылады

Шүкірлік айырылмайтын ұятымнан

Өмірдің жүрсем дағы қиясынан

Сәлем де көзі ашық күллі адамға

Ұлы бұл Шәкәрімнің Зиятынан.

Қытай елінде қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен, қазақ тілінде алғаш газет шығарушылардың бірі болған, енді бой көтеріп келе жатқан ірі тұлғаны А.Қарасартовтың жала жазбалары бойынша кейінде Қазақстанға алдыртып «Халық жауының баласы» өзі де «Халық жауы» деп 1937 жылы өлтірткен. (Мереке Зиятовтың естелегінен)

ХХ ғасырдың басындағы зұлматта тағдырын өрт шалған, Алаш зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік дара тұлғаның зерттелер еңбегі, ашылар жаңа қырларымен сырлары әлі де шексіз деп білемін...

                                               Г.Серікбаева

                                               Обл. Саяси қуғын-сүргін

                                               құрбандары музейінің директор

                                               орынбасары, ҚР мәдениет қайраткері


Поиск по сайту

Интерактивный опрос

Как Вы оцениваете результаты работы нашей организации?
 

Авторизация